Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтты

11 Тамыз 2022, 14:12
3149
Бөлісу:
Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтты
Фото: inform.kz

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова сотта өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бақытгүл Хаменоваға қатысты іс Атыраудағы №2 қалалық сотта қаралып жатыр.

Сотта Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлім етті.

Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевтың ісі Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен тергелген. Ал, «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігі бойынша тергеуге алынған.

Бақытгүл Хаменова ісіне қатысты айыптау актісі 55 беттен тұрады.

Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнатуға бөлінген қаражаттан пара алды деген күдікпен ұсталды. Ол былтырғы желтоқсан айында ұсталып, тергеу изоляторына қамауға алынған.

Бақытгүл Хаменова 2020 жылғы 13 наурызда Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған болатын. Ол бұл тағайындауға дейін алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты болған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы 11 тамызға ауыстырылған еді.

Өзгелердің жаңалығы