Атырауда Президент Жолдауында белгіленген міндеттер мен бастамаларды түсіндіру мақсатында ақпараттық-насихаттық топ өз жұмысын бастады. Топ мүшелері өңірдегі мекемелердің еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесулер өткізіп, ел дамуының басым бағыттарын талқылайды. Алғашқы кездесу Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өтіп, оған 100-ден астам адам қатысты.
Жиында ҚР Құрылтай депутаты Арман Хайруллин Жолдауда көтерілген әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталып, алдағы кезеңге арналған бастамалардың маңызын түсіндірді.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласында учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысын кезең-кезеңімен 40 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Білім беру бағытында мұғалімдердің қағазбастылығын азайтып, негізгі міндеті – сапалы білім беруге басымдық беру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар 20 өңірде 237 мың балаға арналған арнайы мектептер салу көзделген.
Кездесуде «Халықтық құрылыс» жобасына да ерекше назар аударылды. Депутаттың айтуынша, 2027 жылды Құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсыныс елдегі демографиялық өсімге сай әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жол ашады. Жаңа мектептер, мәдениет және әлеуметтік нысандар салу қажеттілігі артып келеді. Бұл ретте құрылыс саласын дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға да ықпал етеді.
Халықтық құрылыс» жобасы елдің дамуына серпін береді деп есептеймін. Бұл – болашаққа салынған инвестиция. Жоба аясында 100 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Ол үшін заңнамалық негіздерді жетілдіріп, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірмейтін қолайлы жағдай қалыптастыру маңызды, – деді Арман Хайруллин.