Халықтың табысы қалай көбейтілетіні белгілі болды

27 Ақпан 2024, 15:30
1268
Бөлісу:
Халықтың табысы қалай көбейтілетіні белгілі болды
Фото: Арман Мухатов - архив

Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева Үкіметке халықтың табысын арттыру бағдарламасына қатысты сауал жолдаған болатын. Үкімет депутат көтерген мәселеге жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің ресми жауабында атап өтілгендей, “Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы” кешенді жоспары 5 бөлімнен тұрады. Олар: өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орындарын құру, “Ауыл аманаты” жобасын іске асыру шеңберінде ауыл халқының табысын арттыру, табыс деңгейін арттыруды қамтамасыз ететін жүйелі шаралар және мемлекеттік қолдау шаралары, бюджеттен берілетін жалақыны арттыру бойынша міндеттемелер, халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау.

2023 жылдың қорытындысы бойынша 962 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Олар:

1) Ұлттық жобалар шеңберінде 263,6 мың (оның ішінде субсидияланатын жұмыс орындарына 198,3 мың адам жұмысқа орналасты);

2) бос жұмыс орындарына 316 мың жұмысқа орналасты (Әлеуметтік кодекстің талаптарына сәйкес жұмыс берушілер ұсынған);

3) Мемлекет басшысының “10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны” бастамасы шеңберінде 382,4 мың (жеке бастамалар).

2024 жылы бағдарламаға сәйкес 1 млн жуық адам жұмыспен қамтылады. Сонымен бірге кәсіпкерлік бастамаларды қолдауды қамтамасыз ету, соның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына гранттар, жастар үшін жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген кредит беру қарастырылған. Мәселен, 2023 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына 9 102 грант берілсе, конкурстық комиссия 26,1 млрд теңге сомасына 5 584 өтінімді мақұлдады, - делінген Премьер-министрдің жауабында.

“Ауыл аманаты” жобасын іске асыру шеңберінде әрбір ауылдың әлеуетін ескере отырып, олардың мамандануын айқындау үшін ауылдық округтерді іріктеу үшін скрининг жүргізілді (барлық 166 ауданында және 16 қаласында 2 260 ауылдық округ қамтылды). Скрининг қорытындысы нәтижесінде өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы бағыттары бойынша төмен, орташа және жоғары мамандандырылған жеке қосалқы шаруашылықтары (ЖҚШ) бар ауылдық округтер анықталды.

Жобаны іске асыру кооперациялық тізбекті дамыту арқылы халықтың табысын арттыру бойынша өңірлік кейстерді масштабтауды білдіреді. Республика бойынша 50%-ға дейін жеке қосалқы шаруашылықтарды кәсіпкерлікке тарту және 2029 жылға дейін 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр, - деді Олжас Бектенов.

Еліміздің барлық облысында ЖҚШ мен шаруа және фермер қожалықтарын, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарын біріктіретін 400-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша 69,6 млрд теңге сомасына 11,2 мың микрокредит берілді, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. 2024 жылдың жоспары бойынша 100 млрд теңге сомасына 16,7 мың микрокредит беріліп, 33 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.

Бюджеттен берілетін жалақыны арттыру бойынша 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің 600 мыңға жуық жекелеген санатының (бухгалтерлер, экономистер, заңгерлер, мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджерлер, кадрлар жөніндегі инспекторлар, жүргізушілер, электриктер, аула тазалаушылар, күзетшілер (вахтерлер) жалақысын кезең-кезеңімен 2022-2025 жылдар кезеңінде жыл сайын орта есеппен 20%-ға арттыру басталды. Нәтижесінде 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есе артады, - делінген Премьер-министрдің депутатқа жолдаған ресми жауабында.

Сонымен бірге салалық мемлекеттік органдар азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыру бойынша жұмыстар жүргізді.

Бұдан басқа қағидаларға бір жылдағы статистика деректері бойынша қалыптасқан экономикалық қызмет түрлеріне сәйкес табиғи монополия субъектілері (ТМС) қызмет көрсететін өңірде (облыста, республикалық маңызы бар қалада, астанада), атап айтқанда электр энергиясын беру және газ тасымалдау салаларында жалақыны орташа айлық жалақы деңгейіне дейін көтеру мүмкіндігі бөлігінде өзгерістер енгізілді.

Өзгелердің жаңалығы