Халықаралық сарапшылар азаптау істерін тергеу тәжірибесімен бөлісті

29 Маусым 2023, 19:11
630
Бөлісу:
Халықаралық сарапшылар азаптау істерін тергеу тәжірибесімен бөлісті
Фото: Бас прокуратура

Бүгін Астанада Еуропа Кеңесінің қолдауымен прокурорларға арналған «Азаптау мен қатыгез қарым-қатынастың алдын алу және тергеп-тексеру» тақырыбында практикалық семинар өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Семинар жұмысына Бас прокуратураның, Құқық қорғау органдары академиясының, облыстық және оларға теңестірілген прокуратуралардың қызметкерлері қатысты.

Бас Прокурордың орынбасары Болат Дембаев іс-шараның басында Қазақстанда азаптауға «мүлде төзбеушілікті» қамтамасыз етуге бағытталған қылмыстық-құқықтық салада кешенді шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Осы жылдың наурыз айында заңнамаға қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас ұғымы енгізілді, осы қылмыстардың субъектілерінің ауқымы кеңейтілді.

Қазір азаптау үшін сотталған адамға қатысты шартты түрде соттау тағайындалмайды. Бұл адамдарға рақымшылық пен ескіру мерзімі қолданылмайды. Олардың жәбірленушімен татуласуы қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. Практикалық семинар озық және тиімді тәжірибелер негізінде азаптаулар туралы істерді тергеп-тексеру бойынша қолда бар әдістемелерді жетілдіруге мүмкіндік береді, - делінген Бас прокуратура таратқан хабарламада.

Шақырылған шетелдік сарапшылар мен Грузия және Молдова прокуратура органдарының өкілдері адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық құралдар мен прокурорлардың рөлі туралы баяндады, сондай-ақ дәлелдемелерді бекіту мен қылмыстың саралануы саласындағы тәжірибемен бөлісті.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа практикалық білім алды, оларды кейіннен өздерінің қызметінде тиімді қолдануға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы