“Халық әбден шаршаған”. Қарақат Әбден халықтың мұңын айтты

27 Желтоқсан 2023, 14:03
4553
Бөлісу:
“Халық әбден шаршаған”. Қарақат Әбден халықтың мұңын айтты
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Нұра ауданы тұрғындарының жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, көлемі жағынан ең ірі аймақ - Қарағанды облысының Нұра ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі аудан. Алайда, күрежолдың қиылысында болса да облыс, аудан орталықтарымен қатынауға мүмкіндік жоқ. Бұған жол себеп емес, нашар болса да амалдап жүруге болатын жол деген аты бар. Басты мәселе - Баршын аулының маңындағы жанар-жағармай бекетінің жабылуы болып отыр.

Бұрын жұмыс істеп тұрған авто бекет, 200 шақырымға созылған облыстық маңызы бар Құланөтпес-Баршын-Шұбаркөл тас жолының бойында қаңырап бос тұр. Баршыннан облыс орталығы Қарағандыға дейін 350 км. жерде де бір бекет таппайсыз. 4-5 жыл жанар-жағармайдан қол үзген халық әбден шаршаған. Аудан тұрғындары азық-түлік алу үшін күнде орталыққа қатынайды. Көгілдір отыны атымен жоқ ауылдар газ баллондарымен күнелтуге мәжбүр. Ал оған ай сайын қанша баллон тасып әкелу керек. Көліксіз шаруа бітпейді, шаруашылық қызметі тікелей осы жанар-жағармайға байланысты. Сондықтан бұл мәселе жедел шешу қажет, - деді Қарақат Әбден ауыл тұрғындарының хаты негізінде.

Айтуынша, жанар-жағармай құю бекетін жалға алып, «отынды» жеткізген азаматтар болған. Бірақ оның бәрі шығын боп қалтаға соғады. Бензиннің қолжетімсіздігінен оның бағасы да шарықтап кеткенге ұқсайды. Жанар-жағармай бекетін қамтамасыз ету шағын мекемелер үшін тиімсіз, сондықтан бензинді тасымалдап, жеткізуді тек ірі компаниялар жүзеге асыра алады.

Қарақат Әбден Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаевқа Нұра ауданы тұрғындарының өтінішіне назар аударуды сұрады. Бос тұрған бекетті қайта іске қосудың жалғыз жолы - жанармай құю желісі бар тасымалдаушы ірі кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізу. Осы ұсынысты депутат облыс басшысына жолдап, аудан халқының мәселесіне бей-жай қарамауға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы