Халықаралық ұйым өкілдері «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасын талқылады

30 Қазан 2020, 15:39
1540
Бөлісу:
Халықаралық ұйым өкілдері «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасын талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада ҚР СІМ жанындағы «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органының отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. 

Отырыс барысында БҰҰДБ халықаралық ұйымдарының, ЕО Өкілдігінің, ЮСАИД, ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің, АҚШ елшілігінің, халықаралық түрме реформасы өкілдігінің, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының, сондай-ақ қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Қазақстан Республикасында қоғамдық бақылауды заңнамалық бекіту мәселелерін талқылады.

Біздің елімізде белгілі бір дәрежеде қоғамдық бақылау саласындағы мәселелерді реттейтін нормативтік құқықтық актілердің едәуір үлкен кешені бар. Сонымен бірге, құрылымдық заңның болмауы қоғамдық бақылау принциптері әрдайым нақты заңдар мен ережелерде тиісті түрде көрсетілмеуіне әкеледі. Осыған байланысты қоғамдық бақылауды заңнамалық регламенттеу азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел және тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бойынша Мемлекет Басшысы қойған міндетті іске асыру үшін пәрменді шаралардың бірі болады, - деп атап өтті өз сөзінде Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.
Заң жобасының негізгі новеллалары қоғамдық бақылау институтын дамытуға және қолдауға бағытталған. Қоғамдық бақылау объектілері мен субъектілері, қоғамдық бақылауды іске асырудың нысандары мен тетіктері айқындалады, азаматтың қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға, өткізуге және оның нәтижелерін талқылауға қатысуына байланысты оның қауіпсіздігіне кепілдік беріледі.

Сондай-ақ, отырыс барысында ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев, адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық Халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис азаматтық қоғамды одан әрі дамыту үшін заң қабылдаудың маңыздылығын атап өтіп, заңнамалық актіні әзірлеуде сараптамалық қатысуға дайындығын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың ашықтығы мен қоғамға есеп беруін арттыруға бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды әзірлеуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы