Халық қалмады. Шекарада тұрған Тарбағатайдың қайта аудан болып құрылуын қалаймыз – ауыл тұрғындары

22 Ақпан 2021, 10:47
3296
Бөлісу:
Халық қалмады. Шекарада тұрған Тарбағатайдың қайта аудан болып құрылуын қалаймыз – ауыл тұрғындары

Алматы, BAQ.KZ. Бұл туралы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының тұрғыны Өмірхан Қанағатов Facebook-тегі парақшасына жазды. 

Оның айтуынаша, 1997 жылы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауданымен қосылғалы шекара аймағындағы елді мекендерде халық азайып, көптеген мектеп жабылу алдында тұр. 

Тарбағатай ауданы - Қытай халық республикасымен шекаралас өңір, Ақжар және Шілікті комендатурасына әрқайсысына қарасты бестен шекаралық застава бар. Шекара заставаларына таяу ауылдарда оқушы саны азайған, мектептер жабылу алдында тұр. Мәселен, Ахметбұлақ ауылында - 22 оқушы, Қамысты ауылында - 26 оқушы, Жалаңаш ауылында - 43 оқушы, Жаңаталап ауылында - 46 оқушы, Асусай ауылында - 62 оқушы, Бозша ауылында - 71оқушы білім алуда, - деп жазды ол. 
2021 жылғы 1 қантардағы есеп бойынша қазіргі Тарбағатай ауданында 37 мың 375 тұрғын бар, оның 22 мың 931-і шекара маңындағы Ақжар өңірінде тұрады. Аталған ауылдар және басқа да Ақжар өңірі ауылдық округтерінен халықтың жаппай көшуі аудан орталығына дейінгі арақашықтың 100-180 шақырымға дейін алыстап кетуі себеп болған. 
Тарбағатай ауданы ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал өсіруге маманданған, көл жағалауындағы Тұғыл және Қабанбай ауылдық округтерінде балық аулаумен де айналысады. 2021 жылғы бюджетке түскен кірістер 1 млрд 339 млн теңгені құрады, оның 937 млн теңгесі Ақжар өңірінен түскен, яғни 69 пайызы. Ірі салық төлеушілер Kazpromstroiholding (Қожахметов. Қ), ПМК-Құрылыс, "Айзат" ЖШС, Рыбаки-Зайсана ӨК, Байтоғас ӨК т.б мекемелер мен кәсіпкерлер. Ақжар өңірінде бентонит, газ, көмір, тағы басқа металл кен орындары барланған, - дейді ол.  

Сонымен қатар ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылдан бастап еліміздің территориялық даму жоспарын республикалық және жергілікті деңгейде қабылдауды тапсырғанын айта келе, еліміздің Ұлттық қауіпсіздік стратегиясына шекаралық Тарбағатай ауданын енгізіп, 1997 жылғы әкімшілік-территориялық құрамымен орталығын Ақжар ауылын белгілеп, қалпына келтіру қажеттігін жеткізді. 

Аудан етіп қайта құру үшін Ақжар ауылында әлеуметтік және әкімшілік ғимараттар сақталған, мемлекеттік шығындар қажет етпейді, - деп жазды ол. 
Сондай-ақ ол, ауыл тұрғындары Ақжар ауылын қайта аудан етіп құру үшін петицияға қол қойып жатқанын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы