«Halyk Bank» жеңілдетілген автонесие бойынша өтінімдерді қабылдауды бастады

19 Мамыр 2022, 21:00
1623
Бөлісу:
«Halyk Bank» жеңілдетілген автонесие бойынша өтінімдерді қабылдауды бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 19 мамырдан бастап жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша азаматтар тарапынан түскен өтінімдерді «Еуразиялық банк», «Банк Центр Кредит» және «Halyk Bank» қабылдауда, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы елімізде биылғы жылдың 16 мамырынан бастау алды. Бағдарлама ережесі Үкіметтің Қауылысымен 15 сәуірде бекітілді. Бағдарлама операторы – «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ. Қаржыландырудың жалпы сомасы – 100 млрд теңге («Жасыл Даму» АҚ қаражаты есебінен).

Назар аударатын жайт, 2022 жылғы 18 мамырдағы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасына сәйкес, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша алынған көліктерді сақтандыру мәселесі туралы азаматтар тарапынан түскен сауалдарға орай ресми мәлімдеме жасады.

«Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша сатып алынған автокөліктерді сақтандыруға қатысты талаптар бірінші бағдарлама іске қосылған 2015 жылдан бастап күшіне енген. Бұл – жол-көлік оқиғаларынан, табиғи, жасанды құбылыстардан және үшінші тұлғалардың қылмыстық әрекеттерінен туындайтын тұтынушыларның несиелік тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған шара.

Бағдарламада тұтынушының сақтандыруға және автокөлікті тіркеуге жұмсайтын шығындарын ескере отырып, жылдық ең жоғары тиімді мөлшерлемені 7,5 пайыздан асырмау талабын сақтау тұрғысынан банктерге шектеу қою қарастырылған.

Мәселен, көлік құны 10 миллион теңге болса, сақтандыру тарифінің мөлшері көлік құнының 1,5 пайызынан (150 мың теңге) аспауы керек.

Сондай-ақ тұтынушыға түсетін қаржылық жүктемені азайту мақсатында қатысушы банктерге жыл сайынғы (несие берудің барлық кезеңіне бір мезгілде емес) сақтандыру туралы шартты жолдады, –  делінген хабарламада.

Осыған орай, бағдарлама бойынша алынған автокөлік иелері бағалы жылжымалы мүлкін несиелеудің бүкіл мерзімі кезеңінде бірыңғай аванстық төлемақы арқылы емес, жеңілдетілген несиені пайдаланған әрбір жылға орай сақтандыра алады.

Өзгелердің жаңалығы