Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Солтүстік Қазақстанға барды

18 Сәуір 2019, 18:46
4320
Бөлісу:
Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Солтүстік Қазақстанға барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіру үшін Солтүстік Қазақстанға келді. Делегация құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов бар. 

Үкіметтік делегация өз жұмысын Оқушылар сарайында көпбалалы аналармен, аз қамтамасыз етілген отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүгедектермен, мұғалімдермен, дәрігерлермен және жергілікті жұртшылықпен кездесуден бастады.

Әбдіқалықова жаңа әлеуметтік саясат басымдылықтарына тоқтала келіп, бүгінгі күні мемлекет халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатқандығын айтты. Басты мақсат – адамдарға жұмыс беру мен халықтың әлеуметтік осал санатына жан-жақты қолдау көрсетілетінін ерекше атап өтті.

Жұмыс тобының мүшелері халықты әлеуметтік қолдау саласында, тұрғын үй мәселесін шешуде, білім және денсаулық сақтау жүйелерін дамытуда іске асырылып жатқан шаралар туралы түсіндіріп, облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Бұдан әрі Премьер-министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаевпен, облыс әкімі Қ.Ақсақаловпен бірге «С.М.Киров атындағы зауыт» акционерлік қоғамының базасында қалалар, аудандар әкімдерімен, өнеркәсіп кәсіпорындарының, бизнес-құрылым, кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Әлеуметтік әріптестікті дамыту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жылжыту мәселелерін қарастыра отырып, Гүлшара Әбдіқалықова кәсіпорындар директорларын және компания басшыларын өздерінің аз қамтамасыз етілген отбасыларына олардың еңбекақыларын арттырып, баспана мәселесін шешуге, әлеуметтік пакеттерін кеңейте отырып нақты көмек көрсетуге шақырды.

Жұмыс сапарының соңында Вице-премьер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрлерімен бірлесіп, «Еңбек» 2017 – 2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың нәтижелілігі және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы және «Серпін-2050», «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» бағдарламалары аясында еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру барысы туралы кеңес өткізді.

Оған видеоконференц байланыс режимінде мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдарының, білім беру мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ бағдарламаға қатысушылар қатысты.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 1411 студент «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқып жатыр, ал «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлік квотаға 43 түлек енгізілді. Квотаға енгізілгендердің барлығына 10,9 млн. теңге сомада, соның ішінде - 3,6 млн. теңге сомада көшуге субсидия және 7,6 млн. теңге сомада тұрғын үйді жалдау немесе сатып алу шығынын толтыруға субсидия төлеу түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Кеңес қорытындысы бойынша жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасында меморандумдар жасау жолымен түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша тығыз өзара іс-қимыл қажеттігі туралы баса айтылды. Орталық және өңірлік деңгейде де жобаларды іске асыруға мониторинг жасауды өзектілендіру қажеттігі айтылды. Нарық сұранысына сәйкес қажеттілікке ие кадрларды дайындауға және түлектерді оқыған жері бойынша жұмысқа орналастыруға баса назар аударылды.

Жұмыс тобының басқа мүшелері облыстың әртүрлі аудандарына шықты. Мысалы, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов Аққайың ауданына, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетов – Петропавл қаласындағы құрылыс объектілеріне барды. Олар емдеу-профилактикалық мекемелерді, сондай-ақ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін аралады.

Жұмыс сапары Шығыс Қазақстан облысына жалғасады.


Өзгелердің жаңалығы