Гүлзар Ғабдрахман: Өнерді бағалауға деңгей керек

8 Тамыз 2022, 10:45
4932
Бөлісу:
Гүлзар Ғабдрахман: Өнерді бағалауға деңгей керек
PHOTO

Гүлзар Ғабдрахман биыл маусым айында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласының Carnegie Hall сарайында өткен «Viva Music Carnegie Hall» байқауының бас жүлдегері атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазақстандық әнші Гүлзар Ғабдрахман Қарағанды қаласында дүниеге келген. 

Гүлзар Ғабдрахман: Өнерді бағалауға деңгей керек

Әке-шешем – Жаңаарқаның тумасы. Атам Игілік Омаров қазаққа аты мәшһүр әнші әрі сері болған кісі. Менің бірінші мамандығым – ақпарат қауіпсіздігі. Екінші мамандығым – журналист. Ал әншілік ата-бабамның қанымен келген болуы керек, екі мамандықты да қайырып қойып, өнердің соңынан кеттім, – дейді ол.

Әншінің айтуынша, оның байқауларға қатысу жолы «Жас қанаттан» басталған. 

Менің алғашқы қатысқан конкурсым – «Жас қанат» байқауы. Мектепте оқып жүрген кезімде Қарағанды қалалық «Жас қанат» байқауына қатысып, лауреат атандым. Бұл нәтиже маған зор шабыт сыйлады, әнге деген қызығушылығымды одан әрі арттыра түсті. Одан бергі жерде де біраз байқауларға қатысып, жүлделер алдым. Ең елеулісі – 2019 жылғы Ұлыбритания астанасы – Лондонда өткен Халықаралық «Альбион жұлдыздары-2019». Аталған байқауда бас жүлдені жеңіп алдым. Енді, міне, биыл маусым айында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласының Carnegie Hall сарайында өткен «Viva Music Carnegie Hall»  байқауының бас жүлдегері атандым, - дейді Гүлзар. 

Министрліктен қолдау таппаған

Ол атағандай, АҚШ-тағы байқауға қатысу шақыртуын алған соң, қатысты орындардан көмек сұраған. 

Гүлзар Ғабдрахман: Өнерді бағалауға деңгей керек

Себебі Лондонда өткен халықаралық «Альбион жұлдыздары-2019» байқауының жеңімпазы болған соң, АҚШ-тан да құр қол қайтпаспын деген сенімде болдым. Батыс елдері байқаудың қай саласы болса да, әділ бағалайды. Бұл жерде сенің қай құрлықтан, қай мемлекеттен келгенің маңызды емес, сенің өнерің мен талантың басты орында тұрады. Сондықтан барып-келу қаражаты мен ақпараттық қолдау жағынан көмек керек болды. Сөйтіп, «Аманат» партиясы арқылы Мәдениет және спорт министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен қолдау сұрадым, - деді Гүлзар Ғабдрахман. 

Әншінің айтуынша, өкінішке қарай, екі министрліктен де көңіл көншітерлік қолдау болған жоқ. 

Мүмкін, уақыт тығыз болып, мені танып үлгермеген шығар деп ойладым да, өз күшіме сүйеніп, сапарға шығып кеттім. Құдайға шүкір, бас бәйгені жеңіп алып, Отаныма желпініп қайттым. Бірақ мемлекеттік БАҚ жағынан құтты болсын айтып, дәріптеген ешкім болған жоқ. Осы жерде орайы келіп тұрғанда айта кетейін, қазір ұлттық өнердің қадір-қасиеті әбден кеткен бір мезгілге дөп келіп тұрмыз. Өз басым өнерге, әсіресе, атамнан дарыған бекзат өнер – әнге бар ынтаммен берілген адаммын. Сол ұлттық ән өнерінің туын биік көтеру, абыройын жоғары ұстау үшін, екі мамандығымды қайырып қойып, Мәскеуден барып арнайы оқып келдім, - деді ол. 

«Тойда ән айтпаймын»

Мен тойда ән айтып көрген әнші емеспін. Концерттерге де таңдап шығамын. Той мен мерекелік концерттер әннің де, әншінің де бағасын кетіреді деп есептеймін. Себебі мұндай жерлерде сөз жоқ ақша мен атақ дәметесің, өнерді сатасың. Мен бұған қарсымын. Сол себепті де менің билік басындағылар мен жалпы халық танымауы мүмкін. Оған бола қысылмаймын. Бірақ өнерге шаң жұқтырғым келмейді. Шетелге шығу үшін мемлекеттен көмек сұрап жүргенімнің бір себебі – осы, - дейді әнші. 

Гүлзар Ғабдрахман: Өнерді бағалауға деңгей керек

Ол АҚШ-тан келген соң да аталған екі министрлікке тағы хат жазып, сүйінші сұрағанын айтады. 

Жол шығынын өтеп беруді және ақпараттық қолдау көрсетуді өтіндім. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Хабар» телеарнасына тапсырма берген көрінеді, олар таңғы бағдарламаға шақырып, сұхбат алды. «Айқын» газеті де сұхбат алып, шығарды. Ал Мәдениет және спорт министрлігінен «коммерциялық «Viva Music» байқауы Қазақстандық өнерінің имиджін паш ететін беделді байқаулар санатына жатпайтынын назарға саламыз» деген жауап алдым, - деді әнші. 

Гүлзар Ғабдрахман Мәдениет министрлігінің жауабын «Берместің қазаны піспес» дегенге жорығанын айтады.

Гүлзар Ғабдрахман: Өнерді бағалауға деңгей керек

АҚШ-қа,  әсіресе, Carnegie Hall сарайында «Viva Music Carnegie Hall» секілді байқаулар өткізу оңай болса, онда біздің қазақстандықтар неге Нью-Йорк қаласында сондай байқаулар өткізбейді? Көрдіңіз бе, қазақ өнерінің қадірінің түскені соншалық, азуын айға білеген АҚШ-тан қазақ әншісі бас бәйге алып келсе, оған біздің құзырлы министрліктің өзі «мұрнын шүйіре» қарайды. Өте өкінішті жағдай. Мен өзім үшін айтып отырған жоқпын, қазақ өнері үшін күйініп отырмын, - дейді Гүлзар Ғабдрахман. 

Нью-Йорктегі жеке концерт

Оның айтуынша, өнерді бағалауға деңгей керек. 

Мен «Viva Music Carnegie Hall» байқауының бағалаушыларының деңгейін біздің мәдениетті басқарып отырған мырзалардың деңгейінен кем деп айта алмаймын. Жоқ дегенде пышақ жүзі жоғары шығар деп ойлаймын. Мүмкін, менің өтінішім министр Абаевтың өзіне жетпей, бер жағындағылардан қайтқан шығар, - дейді әнші. 

Гүлзар Ғабдрахман Нью-Йоркте жеке концертін өткізу үшін дайындалып жатқанын айтты.

Осы жолы АҚШ-тағы  байқау қарсаңында менің өнеріме  «New York Music Festival» байқауы ұйымдастырушылары қатты қызығушылық танытып, Нью-Йоркте жеке концертімді өткізуді өтінді. Мен бұл ұсынысқа қуана-қуана келістім. Қазір сол концертіме дайындалып жатырмын, - деді Гүлзар Ғабдрахман. 

Өзгелердің жаңалығы