Бүгіннен бастап талапкерлерден білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылғы 13–20 шілде аралығында үміткерлер құжаттарын жоғары оқу орындарының қабылдау орталықтары арқылы офлайн форматта, виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн немесе eGov порталы арқылы тапсыра алады.
Грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер мына құжаттарды ұсынуы тиіс:
- жеке куәлік;
- ҰБТ сертификаты;
- 3х4 көлеміндегі фото;
- орта білім туралы аттестат (немесе ТжКБ түлектері үшін диплом).
Ал жеңілдетілген санат бойынша қатысатын талапкерлер тиісті растайтын құжаттарды қосымша тапсырады.
Шекті баллдар қандай?
Білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша келесі шекті баллдар белгіленген:
- «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» бағыттары – кемінде 75 балл;
- «Денсаулық сақтау» – кемінде 70 балл;
- «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – кемінде 50 балл;
- ұлттық жоғары оқу орындары – кемінде 65 балл;
- басқа жоғары оқу орындары – кемінде 50 балл.
Айта кету керек, жоғары оқу орындары ақылы бөлімге қабылдау үшін өздерінің ішкі шекті балдарын дербес белгілеуге құқылы.
Квота мен цифрландыру
Қабылдау науқаны аясында ауыл жастары мен әлеуметтік осал топтарға арналған мемлекеттік квоталар қарастырылған. Бұл олардың грантқа түсу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, 2026 жылы «Цифрлық университет» қағидаты жалғасып, қабылдау процесінің басым бөлігі автоматтандырылған. Бұл өз кезегінде конкурстың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Білім беру гранттарының иегерлері 10 тамызға дейін жарияланады.