«Қазгидромет» РМК бүгін, 12 шілдеде ел аумағында дауылды ескерту жариялады. Синоптиктер Астана, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық өңірінде ауа райының қолайсыз құбылыстары күтілетінін хабарлады.
Елдің бірқатар аймақтарында найзағай, жаңбыр, бұршақ, дауылды жел, шаңды дауыл, тұман және аптап ыстық болжанып отыр. Сонымен қатар көптеген өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Өңірлер бойынша болжам:
- Қызылорда облысында күндіз шығыс және орталық аудандарда шаңды дауыл соғады. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
- Атырау облысында түнде жаңбыр мен найзағай, таңертең тұман күтіледі. Күндіз жел 15-18 м/с-қа дейін күшейеді.
- Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарының таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай болады. Кей жерлерде желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Алакөл маңында желдің екпіні 23-28 м/с болуы мүмкін.
- Түркістан облысында таулы аудандарда жаңбыр жауып, батысы мен солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.
- Батыс Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел болжанады. 12-15 шілде аралығында ауа температурасы +35…+38°C-қа дейін көтеріледі.
- Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр мен найзағай күтіледі, кей жерлерде жел күшейеді.
- Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетеді. Өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
- Маңғыстау облысында түнде және таңертең тұман түседі, желдің екпіні 15-18 м/с-қа дейін күшейеді.
- Ақмола, Ұлытау, Қарағанды және Павлодар облыстарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Синоптиктердің мәліметінше, Астанада күндіз ауа температурасы +35…+37°C-қа дейін көтерілсе, Шымкентте желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Мамандар тұрғындарға ауа райының қолайсыз жағдайларын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.