Қазақстанда жоғары білімді мемлекеттік қолдау жүйесі кезең-кезеңімен кеңейіп келеді.
Соның нәтижесінде бюджет қаражаты есебінен жоғары білім алу мүмкіндігіне ие түлектер саны жыл сайын артып келеді.
Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік білім беру гранттарының саны шамамен отыз мыңға артты. 2025-2026 оқу жылында олардың жалпы саны 93 232-ге жетті. Оның ішінде 77 084 грант бакалавриатқа, 13 229 грант магистратураға және 2 919 грант докторантураға бөлінді. Сонымен қатар талапкерлерге жергілікті атқарушы органдардың, салалық бірлестіктердің, жоғары оқу орындарының және қоғамдық қорлардың гранттары арқылы қосымша қолдау көрсетілуде. Мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін ұлғайтумен қатар, жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жаңа қаржылық тетіктер енгізілуде. Елімізде жеңілдетілген білім беру несиесі жұмыс істейді, ал 2025 жылдан бастап отбасыларға балалардың білім алуына алдын ала қаражат жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі іске қосылды. Бүгінде ондаған мың отбасы бұл мүмкіндікті пайдаланды. Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылуда. Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші білім беру орталықтарының бірі ретіндегі ұстанымын нығайтып келеді.
Бүгінде елімізде әлемнің жетекші білім беру жүйелерін ұсынатын 32 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істейді. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Ресей және басқа да мемлекеттердің университеттері бар. Халықаралық академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында заңнамалық база жетілдірілуде. Қабылданған заңнамалық өзгерістер шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу рәсімін жеңілдетіп, олардың қызметіне қойылатын бірыңғай талаптарды айқындайды, мемлекеттік бақылау тетіктерін күшейтеді әрі Қазақстанға әлемнің жетекші университеттерін тартуға қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар Қазақстан тарихы мен қазақ тілін оқытуды қамтитын ұлттық білім беру құрамдасын сақтау міндетті талап болып қала береді.
Сонымен бірге қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық қатысу ауқымы кеңейіп келеді. Соңғы жылдары отандық университеттердің Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжікстанда және Ресей Федерациясында филиалдары ашылды.
Бұл қазақстандық жоғары білімнің халықаралық беделін арттыруға және өңірлік бірыңғай білім беру кеңістігін дамытуға ықпал етеді. Бірлескен білім беру бағдарламаларының саны да артып келеді.
Қазіргі таңда қазақстандық университеттердің жартысынан астамы әлемнің 24 еліндегі 131 шетелдік университетпен бірлесіп қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда. Мұндай ынтымақтастықтың табысты үлгілерінің бірі – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеті арасындағы әріптестік. 2026 жылы қос диплом бағдарламасы бойынша білім алған алғашқы түлектер оқуын аяқтады.
Отандық жоғары білімнің сапасы халықаралық деңгейде де мойындалуда. Қазақстандық университеттер әлемнің жетекші рейтингтеріндегі өз позицияларын нығайтып келеді. QS World University Rankings 2026 рейтингінде еліміздің 20 жоғары оқу орны ұсынылса, Times Higher Education 2026 рейтингінде алғаш рет бірден бес қазақстандық университет әлемнің үздік университеттері қатарына енді. Nazarbayev University-дің әлемнің үздік 500 университетінің қатарына енді. Студенттік инфрақұрылымды дамыту да басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Соңғы жылдары елімізде ондаған жаңа жатақхана пайдалануға беріліп, өңірлердің басым бөлігінде орын тапшылығы едәуір қысқарды. Атап айтқанда, 2018-2025 жылдар аралығында 281 жатақхана салынып, реконструкцияланып және пайдалануға берілді. Оның ішінде жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 51 323 орындық 182 жатақхана және колледж студенттеріне арналған 20 802 орындық 99 жатақхана бар.