Алматыда германиялық саяхатшының мотоциклі ұрланды

26 Шілде 2019, 18:46
1402
Бөлісу:
Алматыда германиялық саяхатшының мотоциклі ұрланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы полицейлері Германиядан Қазақстанға саяхаттап келген азаматтың ұрланған мотоциклін қайтарып берді. Бұл туралы Almaty.tv жазды.

Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек, таңғы сағат 4:30-да «102» пультіне Германия азаматынан BMW маркалы мотоциклі ұрланғаны туралы хабарлама келді.

Шетел азаматы Алматы қаласына 2 күн бұрын аялдаған екен. Мотоциклін өзі тоқтаған қонақүйдің алдына қойған.

Бірнеше сағаттан соң ол мотоцикілінің ұрланғанын аңғарып, жергілікті полиция көмегіне жүгінді.

«Біз жедел іздестіру жұмыстарын ұйымдастырдық және алғашқы сағаттарда кімнің қылмыс жасағанын анықтадық. Айтпақшы, бірнеше күн бұрын біздің ауданда тағы бір мотоцикл ұрланған болатын. Тәртіп сақшылары осы қылмыстардың ұқсастығын анықтады. Мотоциклдерді үш адам қолды еткен. Басты айыпталушылардың бірі 32 жастағы азамат. Ол Германия азаматының мотоциклі ұрланғаннан кейін бірнеше сағатта ұсталды. Күдіктілер ұрланған көлікті сатып үлгерген. Шетелдіктің көлігі Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласынан табылып, иесіне қайтарылды. Қазіргі уақытта осы қылмысқа қатысы бар тағы екі айыпталушы іздестірілуде», - деді Медеу аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Тотыбаев.

Саяхатшы көлігін тез арада тауып берген полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Мен мотоциклімді қайтарып алдым. Өте қуаныштымын. Өткен түні ұрлап кеткен еді. Мен полицияға бұл туралы таңертең айттым. Олар тез арада тауып берді. Полиция қызметкерлеріне рақмет! Мен Германиядан келдім, сол елдің тұрғынымын. Жолдың қашықтығына қарамастан Алматыға осы көлікпен жеттім. Сапарымды әрі қарай жалғастырамын. Мен Қытай мен Камбоджи еліне жүргелі тұрмын», - деді Клаус-Стефан Штифляген.

Өзгелердің жаңалығы