Ген, экология, тағам сапасы мен су: Қан обырына не себеп болуы мүмкін

29 Наурыз 2024, 03:05
304
Бөлісу:
Ген, экология, тағам сапасы мен су: Қан обырына не себеп болуы мүмкін
Фото: BAQ.KZ архив

Қан обыры немесе қанның қатерлі ісігі. Бірінші естігенде селт еткізетін әрі таңданыс тудыратын бұл сөздің астарында қантүзу жүйесінің бірнеше ауыр дерттері тұр. Себебі қан – сұйық зат болса да, қатерлі ісікке ұшырауы әбден мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қан сұйық болса да, ол қалай қатерлі ісікке шалдығуы мүмкін? Жалпы, қан обыры деген не? Оны елімізде қалай емдеп жүр? Қанның қатерлі дерті не себепті болады? Онкогематологиялық реанимацияда жұмыс істеу қаншалықты қиын? Осы және өзге де сұрақтарға Ұлттық ғылыми онкология орталығы Онкогематологиялық реанимация бөлімінің меңгерушісі Иван Мишутин жауап берген болатын.

- Иван Александрович, орталықтағы Онкогематологиялық реанимация орталығы қандай қызмет атқарады? Мұндай орталықтың ашылуы онкологияның қаншалықты кең етіп жайып бара жатқанын білдіреді?

- Орталықтағы Онкогематологиялық реанимация бөлімшесі 2016 жылы өз қызметін бастады. Бастапқыда төсек әлеуеті алты төсекті ғана құраған болатын. Орталықтың ашылуы онкологияның қаншалықты кең етіп жайып бара жатқанына қатысты айтсам. 2019 жылы ауыр онкогематологиялық пациенттерді емдеу қажеттілігі туындауына байланысты бөлімшенің төсек-орын қоры тоғыз төсекке дейін кеңейтілді.

Қанның лейкоз, лимфома, көптеген миелома және апластикалық анемия сынды қатерлі аурулары онкогематологиялық аурулар қатарына жатады. Сондай-ақ әдеттегі гематолог дәрігерлер емдейтін қатерсіз гематологиялық дерттер де бар екенін айтып өткен жөн. Олардың қатарына: теміртапшылықты және фолаттапшылықты анемия, васкулит және қосалқы сипаттағы геморрагиялық синдромдар жатады.

- Естуімше, қан обыры аурулары сирек кездеседі...

- Иә, қан түзетін ағзалардың қан обыры аурулары өте сирек кездеседі. Сондықтан пациентте бұл аурулардың алғашқы белгілері байқалған кезде дәрігер әдетте оны гематологқа жібереді. Оның себебі иммунитетке және біздің организміміздің иммундық жауабына жауап беретін лейкоциттерде жатыр. Сол үшін осы санаттағы пациенттерді емдеп, қараған кезде аса сақ болған жөн.

- Онкогематологиялық аурулардың пайда болуының себептері қандай?

- Қан мен лимфоидты тіндегі қатерлі ісіктің пайда болу себептері әлі күнге дейін зерттелмеген. Олардың бұзылуының негізінде генетикалық ақаулар жатыр. Олар әдетте тұқым қуалайтын немесе жүре келе пайда болған деп бөлінеді. ДНҚ-дағы өзгерістердің орын алуына АИТВ және Эпштейн-Барр вирустары тудырған инфекциялар себеп болуы мүмкін деп есептеледі. Сондай-ақ тағы бір ескерерлік жайт, темекі шегу - 20 пайыз жағдайда миеломаға алып келеді. Сонымен қатар организмге уытты заттарыдң әсер ететінін де ескертсем деймін. Мысалы, жақын туыстардың қанында қатерлі зақымданулардың болуы мен иммунитетті басып отыратын препараттарды қабылдау да әсер етеді. Менің ойымша, қазіргі уақытта экология да денсаулығымызға үлкен әсерін тигізіп жатыр. Қоғамның урбандалу процесінде барлығы жаппай қалаларға қоныс аударып, супермаркеттердегі барлығы бірдей пайдалы бола бермейтін азық-түліктерді тұтынудамыз. Судың сапасы да сондай-ақ маңызды рөл ойнайды. Қазір қалалық тұрғындардың арасында крандағы ағып тұрған суды ішуге жүрегі дауалайтын адамдар саны аз деп ойлаймын.

Сонымен қатар тағы бір маңызды фактор – бұл гиподинамия, яғни күнде шектеулі уақыт болу салдарынан Д дәруменінің жеткіліксіздігі. 

- Онкогематологиялық аурулардың симптомдары қандай болатындығын айтып өтсеңіз...

- Бұл аурулар тобының негізгі бастапқы симптомдары кез келген интоксикацияға ұқсас – қарапайым ЖРВИ-дан бастап уланып қалудың белгілеріне ұқсауы мүмкін. Яғни түсінікті болу үшін ол белгілерді атап өтейін. Біріншіден, әлсіздік пен дене температурасының қандай да бір себепсіз көтеріліп кетуі. Екіншіден, түрлі сипаттағы қан кетулер, соның ішінде мұрыннан қан кету, қызыл иектің қанауы, дененің өзінен-өзі көгеріп кетуі, ал әйел адамдарда – көп метроррагияның болуы. Осы симптомдар болған жағдайда бірден дәрігерге жүгінуге кеңес беремін. Өздігінен емделуге мүлдем болмайды. Дәрігер жалпы қан талдауына жіберуге тиіс. Проблема нақты диагноз қойып, дұрыс қолайлы ем тағайындау үшін барынша нақты тексерісті талап етеді. Мұндай жағдайларда сүйек кемігінің иммуногистохимиялық және генетикалық тексерісін жүргізу әбден қажет.

- Онкогематологиялық реанимацияда жұмыс істеу процесінде көп жағдайда қандай қиындықтармен, асқынулармен бетпе-бет келуге тура келеді?

- Біздің пациенттерімізді емдеу кезінде ең көп таралған асқыну – ол сепсис болып саналады. Бұл организмнің иммундық жүйесінің инфекцияға шектен тыс реакция беруі аясында дамитын өте қауіпті жағдай. Бірақ біздің пациенттеріміздің иммундық жүйесі әлсіреп кеткендіктен, бұл екі есе қауіпті дер едім. Химиятерапияның бірнеше курсын қабылдаған соң әдеттегі шартты-патогенді флюра осы санаттағы науқастар үшін өлімге алып келетін жағдайлар кездеседі. Сондықтан біздің жұмысымыздағы ең маңызды аспектілердің алғашқысы – организмнің күйіне дер кезінде әрекет ете білу. Сәйкесінше, бактерияға қарсы, инфузиялық терапия мен пациенттің күйін үнемі мониторинг жасап, қадағалап отыру маңызды.

Әрине, кейде бізді "көзге көрінбейтін жау" жеңіп кететін кездер болады, ондай кезде өмірлік көрсеткіштер бойынша пациенттерді өкпені жасанды желдету аппаратына қосамыз. Бұл тіндер мен ағзалардың қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті қандағы дұрыс газ алмасу процесін қамтамасыз ету үшін қажет. Сондай-ақ бір уақытта бүйректің сүзу қабілеті де зардап шегетін жағдайлар кездеседі. Ондай жағдайда біз экстракорпоралды детоксикация әдісіне жүгінеміз. Түсінікті болу үшін айта кетейін, ол әдістердің қатарына гемодиализ бен гемодиафильтрация жатады. Бұл пациенттің перспирациясы мен бүйрегінің дұрыс жұмыс істемей қалған кезінде жағдайды ескере отырып, инфузиялық терапияның тиімді таңдалғанын білдіреді. Организмге енгізілетін препараттардың уытты әсерін төмендету үшін біз оңтайлы антибактериялық терапияны қолданамыз. Осы орайда, қандағы бүкіл өскіндерің төмендеуін ескере отырып, қан құю терапиясын жүргізу де маңызды. Сондай-ақ пациент үшін өкпені жасанды желдетудің адаптивті режимін таңдаған дұрыс. Септикалық шок алған жағдайда әдетте дұрыс вазопрессорлық және кардиотонустық қолдау тәсілдерін жасау қажет. Яғни жағымсыз салдарға алып келуі мүмкін ең патологиялық механизмдерді іске қосылуына жол бермеу керек.

Былтыр онкогематологиялық реанимация бөлімінде ем қабылдаған бүкіл пациенттердің ішінде өлім-жітім деңгейі 11 пайызды құрады. Ал қалған 89 пайыз пациент жағдайлары жақсарып, үйлеріне шықты. Бөлімшенің жұмысы жоғары дозалы химия терапия курстарын өткізуге арналған орталық венозды катетерлерді орнатудан тұрады. Әдетте бұғана арқылы жасалады, одан пневмоторакс сынды асқыну болуы мүмкін. Бұл өкпе тіндерін тесу арқылы жасалады.

Әлемдік статистикаға сәйкес, мұндай тесу әдісі кезінде пневмоторакстың асқынып кету жағдайы 5-тен 15 пайызға дейінгі көрсеткішті құрайды. Алайда 2023 жылы біздің бөлімшемізде 862 орталық вегалық катетер орнатылды және пневмоторакс тек бес пациентта ғана байқалды. Айта кететін жайт, барлық қондырғылардың 90 пайызы УДЗ-навигациясыз жұмыс істеп тұрғанын айта кеткен жөн. Өкінішке қарай, бұл біздің бөлімшемізде ультрадыбыстық жабдықтың жоқтығымен байланысты. Бірақ болашақта ол жаңа орталықта болады деп жоспарлап отырмыз. Ол жерге бұйырса осы жылдың тамыз айында көшуге тиіспіз.

- Онкогематологиялық реанимациядағы жұмыстың көзқарасы тұрғысынан алып қарағанда, ол жерде жұмыс істеу моральдық тұрғыдан қаншалықты қиын?

- Онкогематологиялық реанимация бөлімінде жұмыс істеу моральдық тұрғыдан өте қиын. Көп жағдайда өмірлік қуаты мен күші тасып тұруға тиіс жас пациенттер көп түседі. Реаниматолог-дәрігерлер – олар да ет пен сүйектен жаралған адам, көз алдымыздағы науқастар үшін біз де уайымдаймыз. Оларды барынша қолдауға тырысамыз. Бірақ біз Құдай емеспіз, бәрі біздің қолымызда емес. Өкінішке қарай, кейде пациенттер ана өмірге кетіп қалады. Ондай сәттерде екі есе қиын. Кейде пендешілікке салынып, өлімнің алдын қалай алуға болатын еді деп өзімізді іштей жегідей жейміз.

- Бөлімшеңіздің болашақтағы жоспарлары қандай?

- Алға қойған жоспар өте көп. Онкогематологиялық реанимация бөлімшесі кейіннен ғана ашылғанын ескеру қажет. Сондай-ақ медицина да бір орында тұра бермейді, күн санап даму үстінде. Бізге үнемиі денсаулық сақтау саласындағы тың жаңалықтарды қалт жібермей, бақылап отыру қажет. Биыл тамырішілік енгізу үшін "порт-системаны" орнату әдістемесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл лимфома немесе миелома диагнозы қойылған науқастарымыздың химиятерапияны өтуін жеңілдетеді. Қызметкерлерімізді ақпарат пен тәжірибе алмасу үшін шетелдік емханаларға жіберу жоспарланған. Әрине, аурухананың жаңа ғимаратына көшу де өз алдына үлкен нәтиже күттіретін оқиға болары анық. Біздің бөлімшемізде он екі төсек-орын мен онкогематологиялық пацииенттерді емдеу үшін қажетті жабдықтың бәрі бар. Бұл жаңа мақалалар мен зерттеу жұмыстарына жол ашады.

- Аурудың алдын алуға қатысты қандай кеңес бересіз?

- Римдік ақын-сатирик: "Дені саудың – жаны сау" деген екен. Сондықтан өзіңіздің денсаулығыңызға қатты көңіл бөліңіз. Дұрыс, пайдасы мол тағамды жеңіз, таза ауада жиі серуендеп, стрестік жағдайлардан бойыңызды аулақ ұстауға тырысыңыз. Қазіргі уақытты күйзеліс – барлық аурудың қоздырушысы. Өз-өзіңізбен гармонияда болыңыз және жер бетінде өмір сүрген уақытта тек қана жақсы істер жасау қажеттігін естен шығармаңыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы