Газбен жылытатын жабдықтарды пайдаланған кезде мұржаның дұрыс орнатылуына, газдың сыртқа шығуына және улы газдардың бөлінуіне ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ тұрғын үйлерде газ бен түтінді анықтайтын арнайы датчиктердің болуы маңызды. Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Мәлік Қабдуллин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маманның сөзінше, газ құрылғыларын пайдаланған кезде басты назар аударатын мәселенің бірі – газдың сыртқа шығуы және жану кезінде пайда болатын улы газдардың бөлмеге таралу қаупі.
Осыған байланысты газбен жұмыс істейтін жабдықтардың түтін шығаратын мұржалары дұрыс жалғанып, жарамды күйде болуы керек. Сонымен қатар газдың таралуын және өрт қаупін ерте анықтауға мүмкіндік беретін арнайы датчиктерді орнату қажет.
Мәлік Қабдуллин газ жабдықтарын пайдаланған кезде қауіпсіздік талаптарын сақтап, олардың жұмысын үнемі бақылаудың маңызын атап өтті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда жылыту маусымы басталғалы бері тұрғын үйлерде 18 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бес адам зардап шеккен.