Алматыда жылыту маусымы басталғалы 18 өрт тіркеліп, бір адам қаза тапқан

3 Қараша 2026, 10:22
АВТОР
 pixabay.com 3 Қараша 2026, 10:22
3 Қараша 2026, 10:22
159
Фото: pixabay.com

Алматыда жылыту маусымы басталғалы бері тұрғын үйлерде 18 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бес адам зардап шеккен. Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Константин Канин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, күннің суытуымен бірге өрт шығу қаупі бірнеше есе артады. Бұған пештер мен жылыту жүйелерін пайдалану, сондай-ақ электр желілеріне түсетін қосымша жүктеме себеп.

Тұрғындар үйін жылыту үшін электр құрылғылары мен жылытқыштарды қоса бастайды. Бұл – қалыпты жағдай. Алайда тәжірибе мен статистика мұндай кезде бірқатар қауіп бар екенін көрсетіп отыр, – деді Константин Канин.

Өрт саны азайған

Департамент өкілінің мәліметінше, биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Былтыр жылыту маусымының осы кезеңінде Алматыда тұрғын үйлерде 28 өрт тіркелген.

Константин Канин бұл оң өзгерісті қала тұрғындарының өрт қауіпсіздігі талаптарына көбірек көңіл бөлуімен және мамандардың ұсынымдарын орындауымен байланыстырды.

Қазір Алматыда 171 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Оның ішінде 2 694 үй ерекше санатқа жатқызылған. Бұл қатарға атаулы көмекке мұқтаж отбасылар тұратын, тозығы жеткен және қатты отынмен жылытылатын үйлер кіреді.

Басқарма басшысының айтуынша, жеке тұрғын үйлер мемлекеттік азаматтық қорғау органдары тарапынан жоспарлы тексеруге жатпайды. Сондықтан мұндай үйлердегі өрт қауіпсіздігі, ең алдымен, тұрғындардың өз жауапкершілігіне байланысты.

Осыған орай жылыту маусымы басталмай тұрып Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен, полиция департаментімен, газ-техникалық инспекциямен және басқа да ұйымдармен бірлесіп профилактикалық жұмыстар жүргізген.

Мамандар жеке тұрғын үйлерді аралап, рейдтер ұйымдастырып, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп, үйлерді қауіпсіз жағдайға келтіру жөнінде ұсынымдар берген.

ТЖД тұрғындарға қандай ескерту жасады?

Константин Канин тұрғындарды жылыту жүйелерінің жағдайын алдын ала тексеріп, бүкіл жылыту маусымы бойы олардың жарамдылығын бақылауға шақырды.

Оның айтуынша, қатты отынмен де, газбен де жұмыс істейтін жылыту құрылғылары уақытылы тексеріліп, техникалық қызмет көрсетуден өтуі керек. Ақауы бар пештер мен жылыту құралдарын пайдалануға болмайды.

Сондай-ақ электр сымдарының жағдайына ерекше назар аудару қажет. Қыста электр желілеріне түсетін жүктеме артатындықтан, бір розеткаға немесе ұзартқышқа бірнеше жылыту құрылғысын қатар қосу қауіпті.

Өкінішке қарай, тәжірибеде бір ұзартқышқа бірнеше жылыту құрылғысын, электр батареяларын, калориферлерді және басқа да құралдарды қосатын жағдайлар кездеседі. Бұл сымдардың оқшаулағыш қабатының қызуына әкеліп, қысқа тұйықталу мен өртке себеп болуы мүмкін, - деді ол.

Бұдан бөлек, сіріңке, оттық және басқа да от тұтататын заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажеттігі ескертілді.

Наверх