«Ғашықтан жұмыс істеу». Депутат қашықтан деген сөзді айта алмады

19 Мамыр 2021, 15:30
3591
Бөлісу:
«Ғашықтан жұмыс істеу». Депутат қашықтан деген сөзді айта алмады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда «қашықтан оқыту», «қашықтан жұмыс істеу» деген сөздерді айту мұңға айналды. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанат Омарбекова баяндамасын толықтай «ғашықтан жұмыс істеу» деп бітірді.

Ол Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы туралы баяндама жсады.

Әлемдік практикада ғашықтан (қашықтан) жұмыс істеу белсенді даму үстінде. Сондай-ақ қызметкердің «стационарлық» және қашықтан жұмыс істеуді үйлестіруінің құқықтық мүмкіндігі кеңінен таралған. Қазіргі уақытта Еңбек кодексіне сәйкес қашықтан жұмыс істеу жұмыс процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тұрақты негізде пайдалана отырып, еңбек процесін жұмыс беруші тұрған жерден тыс жерде жүзеге асырудың ерекше нысаны ретінде айқындалған. Сонымен қатар, 2020 жылы Қазақстан аумағында COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуы қызметкерлердің орта есеппен жетпіс пайызын қашықтан жұмыс істеуге ауыстырып, жұмыс режимінің өзгеруіне әкелді, - дейді Жанат Омарбекова.

Оның айтуынша, «ғашықтан», дұрысы - елде қашықтан жұмыс істеуді ұйымдастырудың қалыптасқан тәжірибесі пандемия кезеңіндегі еңбек саласындағы нақты процестер мен еңбек заңнамасы арасындағы алшақтықты көрсетті. Сондықтан депутаттар анықталған олқылықтарды ескере отырып, бірқатар ұсыныс жасаған.

Тараптардың келісуі бойынша қашықтан және қашықтан аралас жұмыс істеу ұғымдарын енгізу жөнінде. Аралас жұмыс істеу жұмыс кезеңдерін жұмыс беруші орналасқан жерде де, одан тыс жерде де кезектестіруге мүмкіндік береді. Қашықтан жұмыс істеуге ауысқан қызметкерлердің тап болған өткір мәселелерінің бірі – коммуникация құралдарымен, компьютерлермен және басқа да құралдармен қамтамасыз ету болды. Осыған байланысты заң жобасында норма қарастырылған, - дейді депутат.

Бұған сәйкес, төтенше жағдайды енгізу, төтенше жағдайды жариялау және шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде уақытша қашықтан жұмыс істеу кезінде қызметкерлерді коммуникация құралдарымен қамтамасыз ету және шығыстарды өтеу қажеттілігі жұмыс берушінің актісінде айқындалады.

Егер қызметкер өзінің коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланатын болса, жұмыс беруші өтемақы төлей алады, оның мөлшері, төлеу тәртібі мен мерзімдері тараптардың келісуі бойынша белгіленеді. Жұмыс берушінің актісі бойынша қызметтік міндеттерді еңбек шартын жасаспай жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілерді, әскери қызметшілерді, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге жіберу тәртібі регламенттелді. Жұмыс берушінің қызметкерлер қашықтықтан жұмыс істеу кезінде пайдаланатын құпия ақпаратты қорғау туралы шарт жасасу құқығы бекітілді, - дейді мәжілісмен.

Оның айтуынша, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мақсатында, еңбек шартында жұмыс уақытының тіркелген есебін белгілеу жөніндегі норма көзделді, осы уақыт ішінде жұмыскер жұмыс уақытының күнделікті ұзақтығының шектеулерін сақтай отырып, жұмыс уақыты шегінде жұмыс берушімен байланыста болу үшін қолжетімділік режимінде болуға тиіс.
Бұл ретте, еңбек шарты тараптарының келісуі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдана отырып, икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін, - дейді Омарбекова.
Айта кетейік, былтыр карантин уақытында Алматы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Айтқұлова қашықтан оқу форматын түсіндіремін деп сөзден сүрінген болатын. Ол қашықтан оқу форматы дегенді «ғашықтық оқу» деп шатасқан. 
Өзгелердің жаңалығы