- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ғарышта жүргеніне 49 жыл: «Вояджер-1» тарихи межеге жетпек
Ғарышта жүргеніне 49 жыл: «Вояджер-1» тарихи межеге жетпек
Ғарыш аппараты 49 жыл бұрын ұшырылған
16 Қараша 2026, 10:01
NASA-ның «Вояджер-1» ғарыш аппараты адамзат тарихында Жерден бір жарық тәулігі қашықтыққа жеткен алғашқы жасанды нысан атануға жақын. Жұлдызаралық кеңістікте сапарын жалғастырып жатқан аппарат осылайша жаңа тарихи рекорд орнатпақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
49 жыл бұрын ұшырылған ғарыш аппараты бүгінде Жерден 16 миллиард мильден (26 миллиард шақырымнан) астам қашықтықта орналасқан. Бұл – адам ақылына сыймайтын орасан зор арақашықтық. Өткен аптада «Вояджер-1» осы тарихи межеге жеткенде, оның жіберген радиосигналдарының Жерге жетуіне тура 24 сағат қажет болады. Басқаша айтқанда, жарықтың өзі бұл қашықтықты бір тәулікте жүріп өтеді.
NASA болжамынша, аппараттың Жерден бір жарық жылы қашықтыққа жетуіне тағы шамамен 18 мың жыл қажет. Ал басқа жұлдызға жақындауы үшін бұдан екі еседен астам уақыт өтуі мүмкін. Жоба жетекшісі Сюзанна Додд «Вояджер-1» аппаратын жұлдыздар арасында сапар шегіп жүрген Жердің елшісіне теңейді. Оның айтуынша, бұл миссия адамзатқа ғарыштың шексіздігін сезіндіріп, таңданыс сыйлап келеді.
Бұл – ұлттық қазына. Шынымен де таңғаларлық жетістік, – деді ол Associated Press агенттігіне берген сұхбатында.
Осы тарихи оқиғаны атап өту үшін NASA әлем тұрғындарын ерекше бастамаға қатысуға шақырды. Агенттік сейсенбі күні күн батқаннан кейін телефон шамын немесе қолшамды пайдаланып, алтын түстес жарық толқынын жасауды ұсынды. Қатысушылар Морзе әліпбиі арқылы түнгі аспанға «Вояджердің» қысқартылған атауы – V-G-R әріптерін жарық сигналдарымен жеткізе алады.
Жарты ғасырға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келеді
«Вояджер-1» және оның сыңары «Вояджер-2» арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, ғылыми және техникалық деректерді Жерге жіберуді жалғастырып келеді. Әрине, аппараттардың ескіруіне байланысты ара-тұра техникалық ақаулар туындайды. Соған қарамастан, екеуі де сағатына шамамен 61 мың шақырым жылдамдықпен ғарыш кеңістігінде қозғалып барады.
Бір қызығы, «Вояджер-2» 1977 жылы сыңарынан екі апта бұрын ұшырылған. Алайда оның Жерден бір жарық тәулігі қашықтыққа жетуі 2035 жылға қарай ғана күтіледі. «Вояджер-1» 1979 жылы Юпитердің, ал 1980 жылы Сатурнның жанынан ұшып өтті. Бұл оқиғалар ғалымдар үшін үлкен ғылыми жетістік болды. Кейін аппарат Күн жүйесінің сыртқы аймақтарына қарай сапарын жалғастырды.
2012 жылы «Вояджер-1» NASA жұлдызаралық кеңістік деп анықтайтын аймаққа жетті. Бұл – Күннің тікелей ықпалы басым болатын гелиосферадан тыс жатқан кеңістік. Ал «Вояджер-2» Юпитер мен Сатурннан бөлек, Уран және Нептун ғаламшарларының жанынан өтіп, олардың таңғаларлық суреттерін Жерге жолдады. Ол 2018 жылы жұлдызаралық кеңістікке шықты.
Қазір екі аппарат та адамзат бұрын тікелей зерттемеген ғарыш аймақтары туралы күн сайын дерлік ақпарат жеткізеді. Атап айтқанда, олар магнит өрісінің күші мен бағытын, қоршаған ортадағы қысымды, ғарыш шаңын және галактикалық ғарыш сәулелерін зерттейді.
1984 жылдан бері «Вояджер» бағдарламасымен жұмыс істеп келе жатқан Сюзанна Доддтың айтуынша, бұл аппараттарды белгілі бір деңгейде метеорологиялық жерсеріктермен салыстыруға болады. Тек олардың зерттеп жүрген ортасы Жер атмосферасы емес, жұлдызаралық кеңістік. Калифорния штатының Пасадена қаласындағы NASA-ның Реактивті қозғалыс зертханасында жұмыс істейтін шағын мамандар тобы аппараттарға шамамен аптасына бір рет команда жібереді. Егер техникалық ақау туындаса, жұмыс қарқыны күшейеді. Кейде мамандарға осы жобада бұрын қызмет еткен, қазір зейнетке шыққан инженерлер де көмектеседі.
Қыркүйекте мамандар плутоний негізіндегі радиоизотоптық қуат көздерімен жұмыс істейтін аппараттың энергиясын үнемдеуге бағытталған кезекті жұмыстарды аяқтады. Алайда қазан айында онымен байланыс қысқа уақытқа үзілді. Инженерлер әлі де байланыстың неліктен бұзылғанын анықтауға тырысып жатыр. Сюзанна Доддтың пікірінше, ондаған жыл бойы жинақталған тәжірибе мен мамандардың өз ісіне деген адалдығы «Вояджер-1» миссиясының ұзаққа созылуына мүмкіндік берді.
Аппарат бүгінде Гиннестің рекордтар кітабына енген бірнеше жетістіктің иесі. Соның ең бастысы – адам жасаған нысандардың ішінде Жерден ең алыс қашықтыққа ұзаған аппарат болуы.
Ғарыштан түсірілген әйгілі Жер суреті
«Вояджер-1» адамзат тарихында тағы бір ерекше із қалдырды. 1990 жылы аппарат Жерді бұрын-соңды болмаған алыс қашықтықтан суретке түсірді. Нептун орбитасынан әлдеқайда алыста түсірілген бұл фотосурет кейін «Бозғылт көк нүкте» (Pale Blue Dot) деген атаумен әлемге танылды. Суретте Жер шексіз ғарыш кеңістігіндегі кішкентай ғана көгілдір нүкте болып көрінеді.
Атақты астроном, Корнелл университетінің ғалымы Карл Саган сол кезде «Вояджер» миссиясының бейнелеу тобына қатысқан еді. 1990 жылы ол бұл суретті әлемге таныстырып, адамзаттың ғаламдағы орны туралы терең ой айтты.
Сіз білетін адамдардың бәрі, сіз естіген жандардың бәрі және осы уақытқа дейін өмір сүрген бүкіл адамзат сол көгілдір нүктеде ғұмыр кешті. Бұл – алып ғарыш сахнасындағы титтей ғана орын, – деген еді Карл Саган.
Планетарлық қоғам өкілі Билл Найдың айтуынша, бүгінгі адамдардың көпшілігі «Вояджер» аппараттары ұшырылған кезде әлі дүниеге келмеген. Соған қарамастан, бұл миссиялардың жетістігі Жер бетіндегі бүкіл адамзатқа әсер етті.
Бүгінде өмір сүріп жатқан адамдардың басым бөлігі бұл аппараттар ғарышқа аттанған кезде әлі тумаған еді. Бірақ бәрімізге, Жер бетіндегі әрбір адамға осы миссиялардың ықпалы тиді, – деді ол мәлімдемесінде.
Планетарлық қоғамды 1980 жылы Карл Саган құрған. Белгілі ғалым 1996 жылы дүниеден өтті.
Ғарышқа жолданған адамзаттың хаты
«Вояджер» миссиясының тағы бір ерекше қыры – аппараттардың бортында сақталған алтын жалатылған күйтабақтар. Бұл идеяны жүзеге асыруға да Карл Саган жетекшілік еткен.
Әр аппаратта диаметрі 12 дюйм, яғни шамамен 30 сантиметр болатын алтын жалатылған арнайы күйтабақ бар. Онда Жердегі тіршілік туралы мәліметтер, 55 тілде жазылған сәлемдесулер, суреттер мен түрлі сызбалар жинақталған.
Саган күйтабаққа сол кезде алты жаста болған ұлы Никтің дауысын да енгізген.
Жер ғаламшарындағы балалардан сәлем! – дейді бала жазбада.
Бұдан бөлек, ғарыш аппараттарына күйтабақтағы ақпаратты оқуға арналған ине мен оны пайдалану жөніндегі нұсқаулық қоса орналастырылған. Бұл мәліметтер болашақта аппараттарды тауып алуы мүмкін өзге өркениет өкілдеріне арналған.
Сюзанна Доддтың айтуынша, алтын күйтабақ – 1977 жылғы Жер тіршілігін бейнелейтін өзіндік уақыт капсуласы.
Бұл – 1977 жылғы Жердегі өмірдің уақыт капсуласы. Бір күні біреу оны табады деп үміттенемін. Бәлкім, мың жылдан кейін табылар, – деді ол.
Осылайша, жарты ғасырға жуық уақыт бұрын ғарышқа аттанған «Вояджер-1» ғылыми зерттеулерін жалғастырып қана қоймай, адамзаттың үні мен тарихын жұлдызаралық кеңістікке алып бара жатыр.
Еске салайық, әлемдегі ең қуатты жарылыстарды шамамен 22 жыл бойы зерттеген NASA-ның Swift ғарыш обсерваториясы Индонезия аумағында, Жер атмосферасында жанып кетті. Әрекет жасалғанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Тағы оқи отырыңыз:
Қытай SatNet интернет спутниктерінің кезекті тобын ғарышқа ұшырды
Қытай ғарышта 14 түрлі өсімдік өсіріп жатыр
NASA құны 4 млрд долларлық «Роман» телескопын ғарышқа ұшырды
Ең оқылған:
- Трамп, Путин және Си Цзиньпин алғаш рет үшжақты кездесу өткізеді
- Димаш Құдайберген бала күнгі арманын орындады
- Қар мен көктайғақ. Жексенбіде еліміздің 15 өңірінде дауылды ескерту жарияланды
- Қазақ телевизиясының алғашқы дикторларының бірі Зұлқия Жұматова өмірден өтті
- Индонезия президенті орман өртінің түтіні үшін Сингапур мен Малайзиядан кешірім сұрады
Олжас АДАЙ