Ғалымның хаты өлмейді. Қаныш Сәтбаев мемориалды музейіне 60 жыл

12 Сәуір 2024, 17:21
262
Бөлісу:
Ғалымның хаты өлмейді. Қаныш Сәтбаев мемориалды музейіне 60 жыл
Фото: Баянауыл ауданының әкімдігі

Биыл академик Қаныш Сәтбаевтың туған жеріндегі мемориалды музейдің құрылғанына 60 жыл. Бірегей мәдени ошақ ғұлама ғалымның өнегелі өмірі туралы сыр шертеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тарихқа көз жүгіртсек, рухани азық ордасы 1964 жылы құрылды. Бастапқыда шағын экспозиция болған мекеме бүгінде ірі мемориалды музейге айналды.

Музей қызметкері Сансызбай Сапарғалиевтің айтуынша кешендегі академик өзі ұстап, өзі қолданған заттар көздің қарашығындай сақталып тұр. Олардың барлығы ғалымның жерлестерінің мұрындық болуымен қорға тапсырылған.

Қаныш Сәтбаев қолданған заттарының барлығы түпнұсқа күйінде сақтаулы. Музейіміздің бірегейлігі осында. Мәселен, қорда академиктің «тройка-костюмі» бар. Бұл киімді Қаныш Имантайұлы 1961 киген деген ақпарат бар. Жұмыс үстелі, құжаттар, өзі ұстаған домбырасы бар. Қазақ балаларына арнап жазған «Алгебра» оқулығы да түпнұсқа күйінде тұр. Жәдігерлердің барлығы қанша жыл өтсе де құндылығын жоғалтпайтыны анық. Біз үшін бұл экспонаттар жинақталған орын емес, ғалымның жерлестері үшін бұл музей тарихи жердің өзі. Музейдің құрылып, дамуына жерлесіміз Төлеутай Әбілдин зор үлесін қосты. Оның мұрындық болуымен баянауылға ғалымның жеке заттары әкелініп, үлкен қор қалыптасты, - дейді Сансызбай Сапарғалиев.

Қазіргі уақытта музейдің қорында екі мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Қасиетті Баянауыл өлкесінің тау-тасы, тылсым табиғаты мен өзен-суларына тамсанған туристер Қаныш Сәтбаевтыі мемориалды музейін де айналып өтпейді. Туристер арнайы ат басын бұрып, алып тұлғаға сый-құрметін көрсетеді.

Жыл сайын рухани ошаққа келіп, Қаныштың сара жолы туралы мағлұмат білгісі келетін тынығушылар мыңдап саналады.

Өзгелердің жаңалығы