Ғалымдар медициналық қалдықтарды жоюдың бірегей әдісін ойлап тапты

25 Қараша 2021, 17:18
1519
Бөлісу:
Ғалымдар медициналық қалдықтарды жоюдың бірегей әдісін ойлап тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары биомедициналық қалдықтарды жоюдың инновациялық әдісін ойлап тапты.

Отандық ғылыми зерттеушілер әзірлеген қалдықтарды қайта өңдеудің плазмалық технологиясы мен плазмохимиялық реактордың әлем бойынша баламасы жоқ. Әзірлемелер арнайы патенттермен қорғалған.

Қалдықтарды жоюдың плазмалық технологиясының бірегейлігі оның биомедициналық қалдықтарды толық термиялық залалсыздандыруға мүмкіндік беретіндігінде болып отыр. Бірегей технологияның нәтижесінде өңдеу тиімділігі артып, процеске энергия аз шығындалады.

Қалдықтарды жоюдың плазмалық технологиясы биомедициналық қалдықтарды сұрыптаусыз қайта өңдеуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, COVID-19 індетіне байланысты Қазақстанда және жалпы әлем бойынша биомедициналық қалдықтардың көлемі тұрақты негізде артып келеді. Медициналық маскалар, қолғаптар, бахилалар, қорғаныс комбинезондарын және басқа да медициналық құралдарды пайдаланғаннан кейін қалған қалдықтарды жою мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Инфекцияланған жоғары уытты медициналық қалдықтар адам денсаулығы үшін де, қоршаған орта үшін де қауіпті. Осыған байланысты қазақстандық ғалымдар медициналық қалдықтарды қайта өңдеудің ең тиімді және экологиялық әдісін ойлап тапты.

Қалдықтарды жоюдың плазмалық әдісінің қолданыстағы технологиялардан басты айырмашылығы – жоғары температуралы плазмалық алаудың пайдаланылуында. Ол кез-келген органикалық және бейорганикалық қосылыстарды ыдыратады. Сонымен қатар плазмадағы күрделі қосылыстардың жойылуы оттегісіз тиімді жүреді. Медициналық қалдықтарды жағу әдістерімен салыстырғанда плазмалық ыдырату технологиясының бірқатар маңызды артықшылығы бар. Атап айтсақ, реактор көлемінің жоғары өнімділікпен 6-8 есе азаюы, қажетті өндірістік үй-жайлардың ауданын қысқарту, бөлінетін газдар көлемінің тәртібін төмендету. Плазмохимиялық реактордағы қалдықтарды өңдеу 2000 К дейінгі температурада жүреді. Бұл минералды қалдықтың еруін жақсартады және улы компоненттердің пайда болуына жол бермейді, – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Александр Устименко.
Өзгелердің жаңалығы