Қытай мен Ұлыбританияның халықаралық ғалымдар тобы адамға жұғуы мүмкін РНҚ-вирустардың жаңартылған тізімін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңартылған зерттеуге сәйкес, 2024 жылдың соңына қарай әлемде 239 РНҚ-құрамды вирус тіркелген (бұл топқа тұмау, гепатит және коронавирустар жатады).
Жаңартылған каталогқа Вирустар таксономиясы жөніндегі халықаралық комитет мойындаған барлық түрлер енгізілген. Алдыңғы тізіммен салыстырғанда олардың саны 25-ке артқан, оның ішінде 20-дан астам түрі соңғы бірнеше жылда ғана анықталған.
Зерттеу нәтижесі бұл вирустардың басым бөлігі жануарлардан тарайтынын көрсетеді. Шамамен 62 пайызы адамға жануарлардан жұғып, адамдар арасында кең таралмайды.
Сонымен қатар 60 вирус індет тудыруға немесе халық арасында тұрақты айналымда болуға қабілетті.
Жеке топқа адамнан адамға жұғуы мүмкін, бірақ әзірге шектеулі таралатын 32 вирус жатады. Сондықтан ғалымдар эпидемиялық әлеуетті бірнеше деңгейге бөліп қарастырады – тек жануарлардан жұғатын түрлерден бастап, ауқымды індетке әкелуі мүмкін вирустарға дейін.
Бұдан бөлек, вирустардың едәуір бөлігі тасымалдаушылар арқылы таралады – негізінен маса мен кене арқылы. Осындай жолмен шамамен 43 пайыз вирус беріледі.
Сонымен қатар көптеген вирустар бірнеше жолмен қатар таралуы мүмкін: ауа-тамшылы жолмен, жанасу арқылы және биологиялық сұйықтықтар арқылы.
Жаңа вирустар әлемнің әр өңірінде анықталып жатыр. Мұндай жағдайлар ең көп Америка құрлығында тіркелген – 99 түр, одан кейін Еуразияда – 81, Африка мен Таяу Шығыста – 43, сондай-ақ Океанияда – 16 түр.
Зерттеу деректеріне сәйкес, РНҚ-вирустардың саны ХХ ғасырдың басынан бері біртіндеп өсіп келеді. Егер өткен ғасырдың соңында 178 түр анықталған болса, XXI ғасырда оған тағы 61 түр қосылған.