Бүгін Қатар астанасы Дохада басталған дзюдодан әлем чемпионаты отандасымыз Ғалия Тынбаева үшін аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол алғашқы жекпе-жегінде әзірбайжандық Кенуль Алиеваны соңғы секундтарда, сосын, 2-айналымда оңтүстік кореялық Хек Йонг Лиді таза ұтты.
Алайда 1/8 кезеңде биылғы 3 Үлкен Дулыға санатындағы бәсекенің жеңімпазы Бландин Поннан (Франция) ұтылып, ширек финалға шыға алмады.
Айта кетейік, Қатардағы әлем чемпионатының жеңімпазына рейтингте бірден 2 мың ұпай қосылса, күміс жүлдегер 1400, ал қос қола алған татами шебері 1000 ұпайға қол жеткізеді. Бұл ұпайлар Париж Олимпиадасына іріктеу кезінде есепке алынады. Жалпы Дохадағы бәсекеге 99 елден 657 дзюдошы жиналды.