Гаити президенті оққа ұшар алдында 10 минут бойы көмекке шақырған

21 Шілде 2021, 13:45
2479
Бөлісу:
Гаити президенті оққа ұшар алдында 10 минут бойы көмекке шақырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Гаити президенті Жовенель Моиздың өмірінің соңғы сәттері туралы деректер пайда болды. Ол бірнеше рет көмек шақырған деп хабарлады Lenta.ru Miami Herald газетіне сілтеме жасай отырып.

Резиденция маңында атылған оқты естіген Моиз он минут бойы жеке қауіпсіздік қызметін шақыруға тырысқан. Еш нәтиже болмаған соң гаитийлік ұлттық полиция комиссарына хабарласқан.

Олар үйдің маңайын атып жатыр... Адамдарды жұмылдырыңыз, - деген Гаити президенті өміріне қауіп төніп тұрғанын жанұшыра жеткізіпті. 

Одан соң мүлгіген тыныштық орнап, шамалы уақыттан соң атылған оқтың дыбысы естіледі. Газетке полиция офицері әңгімелеп бергендей, ол бірден өз командасына көлікке отырып, президенттің резиденциясына баруға бұйрық береді.

Сондай-ақ ел басшысының резиденциясынан осындай қоңыраулар кем дегенде үш адамға жасалған көрінеді. Олардың айтуынша, ғимаратқа баса-көктеп кірген қылмыскерлер Моизды тану үшін біреумен телефон арқылы сөйлесулерін жалғастырған. Одан соң бүкіл үйді тінтіп шыққан. Президенттің қай бөлмеде екенін тапқан соң еш сөзге келместен атып тастаған. 12 жерден жараланған мемлекет басшысы оқиға орнында қайтыс болған. Ал жұбайы жараланып, ауруханаға жеткізілген болатын.

Өзгелердің жаңалығы