Францияда люкс бутиктер тоналып, қоғамдық ғимараттар өртенді: Тәртіпсіздік неден басталды?

19 Қазан 2026, 10:25
АВТОР
 AP/Лоран Чиприани 19 Қазан 2026, 10:25
19 Қазан 2026, 10:25
317
Фото: AP/Лоран Чиприани

Францияда 17 қазанда өткен жаппай наразылықтар соңы бірнеше қалада полициямен қақтығысқа, дүкендердің тоналуына және қоғамдық ғимараттардың өртенуіне ұласты. Парижде азаматтар Kenzo, Céline, Salomon сияқты танымал брендтердің бутиктерін бүлдіріп, сауда орындарының терезелерін сындырды. 18 қазанда әлеуметтік желілерде дүкендерді тонау мен көшелердегі қирату көріністері кең тарады. Билік жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарды жауапқа тартатынын мәлімдеді.

BAQ.KZ Франциядағы тәртіпсіздіктердің себептері мен салдарына шолу жасады.

Фото: AP/Эмма Да Силва

Франциядағы наразылық неден басталды?

Франциядағы соңғы оқиғалар бірнеше апта бойы жалғасқан оқушылар наразылығы мен халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты наразылығының тоғысуынан өрбіді.

Тағы оқи отырыңыз: Францияда оқушылар неге наразылыққа шықты? 

Фото: AP/Эмма Да Силва

Reuters пен Associated Press агенттіктерінің хабарлауынша, 17 қазанда елдің көптеген қаласында өмір сүру құнының өсуіне, мемлекеттік қызметтердің сапасына және мектептердегі жағдайға наразылық білдірген адамдар көшеге шықты. Шерулерге кәсіподақтар мен оқушылар ұйымдары да қатысты.

Наразылық білдірушілердің талаптары әртүрлі болды. Бірі күнделікті шығындардың өсуіне алаңдаса, енді бірі білім беру саласындағы мәселелерге, еңбек жағдайына және мемлекеттік қызметтердің сапасына назар аударуды талап етті.

Фото: AP/Laurent Cipriani

Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нуньес 17 қазандағы шерулерге ел бойынша шамамен 550 мың адам қатысқанын мәлімдеді. Ал CGT кәсіподағы қатысушылар санын 800 мыңға жуық деп бағалады.

Reuters мәліметінше, шерулердің басым бөлігі бейбіт өткен. Алайда кейбір қалаларда бетперде киген топтар полициямен қақтығысып, дүкендер мен қоғамдық ғимараттарға шабуыл жасаған.

Фото: AP/Эмма Да Силва

Парижде люкс брендтердің бутиктері тоналды

17 қазандағы оқиғалар кезінде Париждің сауда аудандарында дүкендерді тонау деректері тіркелді. Көшелерде дүкендердің сынған әйнектері, өртенген көліктер мен қоқыс контейнерлері қалды.

Фото: REUTERS/Benoit Tessier

Reuters пен AFP агенттіктерінің хабарларына сәйкес, тонаушылардың нысанасына люкс брендтердің бутиктері, супермаркеттер, косметика дүкендері, электроника сататын орындар және басқа да сауда нүктелері іліккен.

Фото: REUTERS/Benoit Tessier

«Le Monde» басылымы Париждегі Kenzo, Salomon және Arc’teryx бутиктерінің терезелері сындырылып, ішіндегі тауарлардың тоналғанын жазды. Сондай-ақ Avenue Montaigne көшесіндегі Céline бутигіне шабуыл жасалғаны хабарланды.

Фото: Le Monde/Benjamin Carrot 

AFP дерегінше, Марсельде Hermès бутигі тоналған. Лилль қаласында Apple дүкеніне, Ниццада бірнеше сауда орнына шабуыл жасалған. Парижде де бірқатар дүкеннің мүлкіне залал келтірілген.

18 қазанда осы оқиғалардың видеолары мен көшелердегі қирату көріністері халықаралық БАҚ-та жарияланды. Кадрларда дүкендердің сынған терезелері, тоналған сауда орындары және зардап шеккен көшелер көрсетілген.

Қай қалаларда қақтығыс болды?

Associated Press хабарынша, Парижден бөлек, Францияның бірнеше қаласында да тәртіпсіздік тіркелді.

Фото: REUTERS/Manon Cruz

Лимож қаласында мэрия ғимаратында өрт шықты. Марсельде муниципалдық полиция бөлімшесі мен сауда орындары бүлініп, бір топ адам мэрия ғимаратына кірген. Лионда қаланың туристік ақпарат орталығында өрт болған.

Бордо, Лилль, Кале, Брест, Ренн, Тулуза, Монпелье және Гренобль қалаларында дақақтығыстар мен қоғамдық нысандарға шабуыл жасау әрекеттері туралы хабарланды.

Фото: REUTERS/Benoit Tessier

Парижде полиция наразылық білдірушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен суатқыштарды қолданған. Қауіпсіздік шараларына байланысты бірқатар метро станциясы уақытша жабылған.

Reuters жазғандай, билік бейбіт шеруге қатысқандар мен зорлық-зомбылық жасағандарды ажырататынын мәлімдеді. Франция президенті Эмманюэль Макрон қоғамдық ғимараттар мен кәсіпкерлердің мүлкін бүлдірген және дүкендерді тонаған адамдардың жауапқа тартылатынын айтты.

Қанша адам ұсталды?

Франция Ішкі істер министрлігінің 17 қазандағы мәліметі бойынша, сол күнгі шерулер аясында шамамен 400 адам ұсталған. Ал 18 қазанда Reuters пен Associated Press полицияның бүкіл ел бойынша ұсталғандар саны 2 400-ге жеткенін хабарлады.

Фото: REUTERS/Stephanie Lecocq

Париж аймағында 855 адам ұсталғаны айтылды. Associated Press дерегіне сәйкес, жексенбі күні олардың 557-сі полицияның уақытша ұстауында қалған.

Бұл сандар әртүрлі уақыттағы есептерді көрсетеді: 400 адам туралы дерек 17 қазандағы бастапқы есепке, ал 2 400 адам туралы мәлімет келесі күні жарияланған жиынтық көрсеткішке қатысты.

Reuters мәліметінше, қақтығыстар кезінде полиция қызметкерлері дежарақат алған. Қауіпсіздік органдарының әрекетіне қатысты мәселелер де қоғамда талқыланып жатыр.

Париж әкімдігі қандай шара қабылдады?

Париж қаласының әкімдігі 18 қазанда түнгі уақытта және жексенбі таңертең қоғамдық кеңістікті тазарту менқалпына келтіру жұмыстарына шамамен 1 000 қызметкер жұмылдырылғанын хабарлады.

Фото: REUTERS/Benoit Tessier

Муниципалдық қызметтер көшелердегі қоқыс пен сынған заттарды жинап, бүлінген қоғамдық орындарды ретке келтіруге кірісті. Қала билігі тонау мен қиратудан зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсету үшін арнайы жедел орталық ашатынын да мәлімдеді.

Париж мэриясы кәсіпкерлер мен олардың қызметкерлеріне қолдау білдіріп, қаланың қалыпты тіршілігін мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Билік не дейді?

Франция президенті Эмманюэль Макрон 18 қазандағы мәлімдемесінде зорлық-зомбылық пен тонауды айыптап, қоғамдық тәртіпті бұзғандар заң алдында жауап беретінін айтты.

Reuters хабарлауынша, үкімет бейбіт шеруге қатысқандардың талаптарын зорлық-зомбылық жасаған топтардың әрекетінен бөлек қарастыру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар билік қоғамдық ғимараттар мен кәсіпкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауы мүмкін екенін мәлімдеді.

Фото: REUTERS/Abdul Saboor

Экономика министрі Ролан Лескюр зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін айтты. Carrefour сауда желісінің басшысы Александр Бомпардың мәліметінше, компанияның 50 дүкені бүлінген, оның 20-сы тоналған. Компанияға келген шығын ондаған миллион еуроға жетуі мүмкін.

Қазір не болып жатыр?

2026 жылғы 19 қазандағы жағдай бойынша, Франция билігі қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге, бүлінген нысандарды жөндеуге және оқиғаларға қатысты тергеу жүргізуге басымдық беріп отыр.

Париж әкімдігі зардап шеккен аудандарды тазарту жұмыстарын жалғастырып, кәсіпкерлерге көмек көрсету тетігін іске қосқан. Ал ұлттық деңгейде билік зорлық-зомбылыққа қатысқандарды жауапқа тарту және мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу мәселесін қарастырып жатыр.

Франция Ұлттық ассамблеясының төрайымы Яэль Браун-Пиве 18 қазанда 17 қазандағы зорлық-зомбылық оқиғаларын зерттеу үшін парламенттік тергеу комиссиясын құруды ұсынатынын мәлімдеді. Оның қарауына оқиғалардың қалай өрбігені, полицияның әрекеті және қауіпсіздік шараларының тиімділігі сияқты мәселелер ұсынылуы мүмкін.

Еске салсақ, Франциядағы мектепте оқ атқан 14 жастағы оқушы қамауға алынды. Марсель прокуратурасы адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу бастаған.

Тағы оқи отырыңыз: Франциядағы наразылықтар: Полиция 400 адамды ұстады 

Франциядағы тәртіпсіздіктер: Макрон үкіметтен шұғыл шара қабылдауды талап етті 

Наверх