Франциядағы наразылықтар: Полиция 400 адамды ұстады

Бұл туралы Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес мәлімдеді.

 © AP Photo / Emma Da Silva 18 Қазан 2026, 10:18
18 Қазан 2026, 10:18
173
Фото: © AP Photo / Emma Da Silva

17 қазандағы тәртіпсіздіктер кезінде 60 полиция қызметкері зардап шекті. Олардың екеуі ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген. Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньестің айтуынша, полицейлердің бірі тас төсемнің бөлшегімен соққы алудан жарақаттанған.

Министр зорлық-зомбылық әрекеттерін әсіре солшыл топтардың ісімен байланыстырады. Оның сөзінше, жүздеген, тіпті мыңдаған адамнан тұратын топтар елдің әр жерінде полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған.

Нуньес қауіпсіздік күштерінің әрекеттері зорлық-зомбылыққа себеп болды деген пікірді жоққа шығарды. Сонымен қатар ол «күн әлі аяқталған жоқ» деп ескертті.

Париждің орталық бөлігінің мэрі Ариэль Вейль тонау оқиғаларын бұрын-соңды болмаған жағдай деп сипаттады. BFMTV телеарнасының эфирінде ол «сары жилеттер» қозғалысының наразылықтары кезінде де мұндай көріністерді көрмегенін айтты.

Зиян көлемі мен тонау әрекеттерінің салдары өте ауыр болады деп қауіптенемін, – деді ол.

Сондай-ақ ол алдағы сағаттарға қатысты алаңдаушылығын білдірді.

Меніңше, қазір күштерді толық жұмылдырып, жағдайға алаңдаулы болуымыз керек», – деді мэр құқық қорғау органдарына түсіп жатқан жүктемені сипаттап. «Полиция болып жатқан оқиғалар орын алған барлық жерге жетуде үлкен қиындықтарға тап болып отыр, – деді ол.

Бұл уақытта Лимож қаласының мэрия ғимаратында өрт шықты. Тәртіпсіздік кезінде бір топ адам ғимаратқа шабуыл жасағаннан кейін өрт тұтанған. Жалын ғимараттың бір қанатына жайылып, шатырына жеткен. Шатырдың ағаш арқалықтары опырылып түсуі мүмкін деген қауіп бар.

Кешкі сағат 20:00 шамасында өрт сөндірушілер тарихи ғимараттың түгелдей отқа орануына жол бермеу үшін жалынмен күресіп жатқан. 1883 жылы ашылған мэрияның сәулеті Париж қалалық әкімдігінің үлгісімен салынған.

Жүздеген адам өртті сырттан бақылап тұрған.

Франция премьер-министрі Себастьян Лекорню Ішкі істер министрлігінде ведомствоаралық дағдарыс тобын басқарды. Оның құрамына Әділет министрі Жеральд Дарманен мен Ішкі істер министрі Лоран Нуньес те кірді.

Наверх