Франция президенті Эммануэль Макрон 17 қазанда елде болған жаппай тәртіпсіздіктерді өте ауыр жағдай деп бағалады. Ол үкіметтен оқиғадан сабақ алып, мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылдауды талап етті.
Мемлекет басшысы Елисей сарайынан жасаған телевизиялық үндеуінде Францияның солшыл радикалды топтардың зорлық-зомбылығына тап болғанын айтты.
Макронның сөзінше, префектілер әкімдермен бірлесіп, қалалардың, қоғамдық ғимараттар мен сауда орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Қажет болған жағдайда жекелеген бұқаралық іс-шараларға тыйым салу және өзге де шектеу шараларын енгізу мүмкіндігі қарастырылмақ.
Президент саяси партиялар мен кәсіподақтарды зорлық-зомбылықты біржақты айыптап, халықты сабырға шақыруға үндеді. Оның айтуынша, премьер-министр Себастьен Лекорню алдағы күндері ұйым өкілдерімен кездесіп, олардың ұстанымын ашық білдіруін талап етеді.
Макрон саяси пікірталастар көшедегі зорлық-зомбылық арқылы емес, саяси партиялар арасында жүргізілуі керектігін атап өтті.
17 қазанда Парижде және Францияның басқа қалаларында жанармай бағасының өсуі мен халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне қарсы жаппай наразылық акциялары өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шерулерге 800 мың адам қатысқан. Ал Франция Ішкі істер министрлігі қатысушылар санын 550 мың деп бағалады.
Кейбір қалаларда наразылықтар тәртіпсіздіктер мен полициямен қақтығыстарға ұласты. Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің мәліметінше, ел бойынша 2 мыңнан астам адам ұсталған. Билік тәртіпсіздікке, тонау мен бұзақылыққа қатысқандарды жауапқа тартуды жалғастыратынын мәлімдеді.