Францияда қыркүйек айының соңынан бері оқушылар білім беру саласына бөлінетін қаржының жеткіліксіздігіне наразылық білдіріп, бірқатар мектептің кіреберісін бөгеп жатыр. Наразылық шаралары кей жерлерде тәртіпсіздікке ұласып, жүздеген оқушы, мұғалім және полиция қызметкері жарақат алған. Бұл туралы BBC жазды.
Наразылыққа шыққандар Франциядағы 15-18 жастағы оқушылар білім алатын лицейлердегі мұғалімдер мен басқа да қызметкерлердің жетіспеушілігіне, сондай-ақ мектеп ғимараттарының тозуына шағымданып жатыр.
Париждегі Мадалена есімді оқушы BBC-ге берген сұхбатында мұғалімдердің кейде бірнеше апта бойы сабаққа келмейтінін және олардың орнына басқа ұстаздар уақытында тағайындалмайтынын айтқан.
Оның сөзінше, соңғы ыстық толқын кезінде мектеп ғимараттарында ауа температурасы өте жоғары болған.
Оқушылардың наразылығына басқа да мәселелер себеп болып отыр. Кейбірі мектепте ұялы телефон қолдануға қойылған шектеулерге және сабақтың кешкі сағат 18:00-ге дейін созылатынына қарсы.
Үйге кешкі сағат 19:00-де жетесің. Ұйықтауға да, үй тапсырмасын орындауға да уақыт қалмайды, – деді оқушылардың бірі France 2 телеарнасына.
Франциядағы жоғары оқу орындарына түсу үшін орындарды бөлетін Parcoursup онлайн платформасы да оқушылардың наразылығын туғызған мәселелердің бірі.
Мәселенің тамыры тереңде жатыр. Қазір Францияда мектеп бітірушілердің шамамен 80 пайызы бакалавриат емтиханынан өтеді. Бұл оларға жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік береді, алайда қалаған мамандығына немесе оқу орнына түсуге кепілдік бермейді.
Салдарынан сұранысқа ие мамандықтар мен оқу орындарына түсу үшін бәсекелестік күшейіп, оқушылар арасында алаңдаушылық арта түскен. Көптеген жас Parcoursup платформасы арқылы өтетін іріктеу процесін түсініксіз деп санайды.