Францияның оңтүстігіндегі Обань қаласында 14 жастағы оқушы мектепте оқ атып, директор мен мұғалімді жаралады. Күдікті оқиға орнында ұсталып, полицияға тапсырылды, деп хабарлайды BBC.
Оқиға дүйсенбі күні Лаканал орта мектебінде болған. Жергілікті биліктің мәліметінше, жасөспірім мектепке гитара қапшығына салынған аңшы мылтығын алып кіріп, бірнеше рет оқ атқан. Мектеп қызметкері оны тоқтатқан.
Мектептің 53 жастағы директоры аяғы мен белінен, ал 37 жастағы мұғалім жамбасынан жарақат алған. Үшінші адам жеңіл жарақат алған. Зардап шеккендердің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Оқушылардың ешқайсысы зардап шекпегенімен, оқиғадан кейін оларға психологиялық көмек көрсетілді.
Марсель прокуратурасы адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу бастаған. Француз БАҚ-тарының хабарлауынша, күдіктінің әкесі де үйін тінту кезінде қару табылғаннан кейін қамауға алынған.
Оқиғаға байланысты мектеп уақытша жабылады. Франция президенті Эммануэль Макрон зардап шеккендерге қолдау білдіріп, мектеп қызметкерлерінің әрекетін жоғары бағалады.