Фонограммамен концерт өткізген әнші жазалана ма?

3 Желтоқсан 2020, 15:37
1801
Бөлісу:
Фонограммамен концерт өткізген әнші жазалана ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Желмая» жобасының қонағы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов айтты.

Кино саласы, оның ішінде анимация мәселесі бойынша «Кино туралы» заң шыққан болатын. Оның ішінде Ұлттық киноны қолдау орталығы арқылы Мәдениет және спорт министрлігі заңда нақты көрсетілген жұмыстарды жүзеге асырып отыр. Мультфильмдердің танымдық мәселесі бойынша тек қана Мәдениет және спорт министрлігі ғана емес, сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, өңірлердегі әкімдіктері де жұмыс жүргізіп жатыр. Анимация, мультфильм саласындағы мамандарымыздың арасында бәсекелестік бар. Олар түрлі компаниялар ашып, киноларын түсіріп, ұсыныстарын беріп жатыр. Яғни өсу қарқыны бар. Тіпті қазақстандық жастар Еуропадан тапсырыс алып, олардың мультфильмдерін елімізде жасап жатыр. Бұл өте қуантарлық жағдай, - дейді вице-министр.

Оның айтуынша, елімізде анимациялық фильмдер жасайтын 20-дан аса студия бар.

Пандемия тезірек кеткенін қалаймыз. Себебі адамға ең қымбаты – ол оның жаны. Пандемия салдарынан қаншама өнер адамдарынан айырылып қалдық, - деп айтты ол.

Дәуешов айтқандай, Қазақстанда 34 мыңға жуық мәдениет саласы қызметкерлері бар. Олардың жалақылары 2020 жылы республикалық деңгейде 50%-ға, өңірлік дейгейде 35%-ға көтерілді. 

«Желмая» жобасының қонағы фонограмма мәселесіне де тоқталды.

Фонограмма қазіргі заманда сұранысқа ие дүние. Фонограммаға қатысты заң қабылданды. Мәдениет туралы заңға өзгерістер енгізілді. Президент қол қойды. Белгіленген тәртіпке сәйкес келесі жылдан бастап шығармашылық адамы концертін берер алдында афишасына кештің фонограммамен не фонограммасыз өтетіні туралы жазады. Себебі концертке келетін адам қандай кешке келе жатқанын білуі керек. Фонограмманы плюс (+), минус (-) деп айтамыз. Демек минуспен де жанды дауыста ән айтуға болады. Плюс – ол 100% фонограмма. Болашақта минустың өзін жанды дауыста оркестрлер ұжымдарымен бірге қолдануға болады. Айта кететінім, бұл жерде көрерменге таңдау беріп отырмыз, екіншіден өнер адамы өзінің нағыз өнер адамы екеніне баға береді және бұл оның дайындығына, жауапкершілігіне әсер етеді, - деп атап өтті Нұрқиса Дәуешов.

Вице-министрдің сөзінше, мәселенің бәрі эстрада саласында.

Мемлекеттік ұжымдар, яғни облыстардағы филармониялардағы оркестрлердің бәрі концерттерін фонограммасыз өткізеді. Эстрадада телевизиялық түсірілімдерді, стадиондардағы концерттер не болмаса шығармашылық кештердің өзін фонограммамен өткізетін дәрежеге жеттік. Қазіргі мақсат – солардың санын азайту, - деді ол.

Сонымен қатар Дәуешов афишаға «жанды дауыста өтетін кеш беремін» деп бірақ фонограммамен кеш өткізген болса, онда ол қандай жазаға тартылатынына тоқталды.

Бұл мәселе Мәжілісте және Сенатта қаралды. Бұл екіжақты келісімшарт арқылы жүзеге асады. Мысалы концерттік залды жалға алған кезде құжатта концерт беруші не оның продюсері «концерт 100% фонограммамен болады» немесе «бірінші бөлімі 50% фонограммамен немесе екінші бөлімі жанды дауыста» деген сияқты пунктер келісімшартпен реттелуі керек. Қазір заң солай бекітілді. Осы ретте бұл мәселе әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес қарастырылады, - деп атап өтті Мәдениет және спорт вице-министрі.
Өзгелердің жаңалығы