Финляндия мен Швеция НАТО-ға кіруге ниетті

12 Сәуір 2022, 04:13
1888
Бөлісу:
Финляндия мен Швеция НАТО-ға кіруге ниетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маусым айында НАТО-ға кіруге Финляндия мен Швеция өтініш береді, деп хабарлады The Times басылымы.

Басылым мәліметінше, Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуы Ресей қарулы күштерінің Украинаға басып кіруіне тікелей байланысты болып отыр.

Қазір Швеция мен Финляндияның билігі НАТО-ға кіру мәселесі бойынша өз елдерінде консенсусқа қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуде, бірақ әр мемлекет өзінің түпкілікті шешімін қабылдайды.

Екі ел де Балтық теңізінің қарама-қарсы жағалауында орналасқан Ресеймен көршілес. Финляндияның Ресеймен құрлықтағы шекарасы бар, ол шамамен 1300 шақырымға созылады.

Бұған дейін Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу 6-7 сәуір күндері Брюссельде өткен НАТО сыртқы істер министрлерінің кездесуінде Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіру ықтималдығы ең көп талқыланған тақырыптардың бірі екенін айтқан.

Финляндия премьер-министрі Санна Марин елінің альянсқа қосылуға деген көзқарасын байыпты түрде қайта қарастыратын кез келгенін айтты. Ресейдің Украинадағы әскери операциясы басталмай тұрып-ақ Финляндия билігі ұлттық қауіпсіздік мәселесі шиеленіссе, НАТО-ға мүшелікке өтініш беруге дайын екенін мәлімдеген.

Менің ойымша, бізде мұқият талқылау болады, бірақ біз оған көп уақыт жұмсамаймыз, өйткені жағдай, өте қиын, - деді Финляндия үкіметінің басшысы.

Финляндия сияқты Швеция да өзінің қауіпсіздік саясатын қайта қарап жатыр, ол сәуір айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Швеция премьер-министрі Магдалена Андерссон екі апта бұрын «НАТО-ға мүше болуды ешбір жағдайда жоққа шығармайтынын» айтқан.

Өзгелердің жаңалығы