Финалда ресейлік қарсыласымнан қарымта қайтардым - Арайлым Әбенова

27 Қараша 2023, 09:57
1786
Бөлісу:
Финалда ресейлік қарсыласымнан қарымта қайтардым - Арайлым Әбенова
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақ қыздарының арасында тұңғыш рет аса ауыр салмақта Арайлым Әбенова әлем чемпионы атанды. Жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген спортшымен BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасты. 


- Арменияда өткен әлем чемпионаты сіз үшін табысты болды. Шешуші жекпе-жек туралы айтып өтсеңіз.

- Әлем чемпионаты өте жоғарғы деңгейде өтті. Биыл самбоның 85 жылдығына орай жарысқа қатысушылардың саны көп болды. Сыннан сүрінбей өткендер өзара тең дәрежеде бақ сынасты. Финалдық жекпе-жекке келер болсам, маған қиынға соқты. Себебі бір ай бұрын ТМД елдерінің арасындағы жарыста ресейлік қарсыласым партерде жамбасқа салып, аяғымды ауыртқан болатын. Кейін жаттықтырушымен ақылдасып, әртүрлі айла-тәсілдерге көштік. Менің салмағым қарсыласымнан ауырлау болғандықтан, үстінен басып күресу керек болды. Маған міндет ретінде осыны ұсынды. Осылайша финалда қарсыласымды айқын басымдылықпен жеңіп шықтым. 

Финалда ресейлік қарсыласымнан қарымта қайтардым - Арайлым Әбенова

- Самбодан аса ауыр салмақтағы тұңғыш қазақ чемпионы атандыңыз? Бұл туралы ойыңыз қандай? 

- Біздің спортта бес қазақ қызы чемпион болды. Көбісі ең алғаш чемпион болған қыз деп шатастырады. Мен ең ауыр салмақтағы тұңғыш чемпион қызбын. Менің салмағымда қарсылас аз болғанымен, олармен күресу өте қиын. Себебі бұл жерде - ауыр салмақ. Менің салмағым 120 болса, қарсыластарым 150 келі тартуы немесе керісінше болуы мүмкін. Кейде қатты шаршап қаласың. Сол себептен физикалық тұрғыда қатты дайындаласың. Салмағың қарсыластың салмағын жеңе алмай қалмас үшін, әртүрлі айла-тәсілдерді қолданып, физикалық, логикалық тұрғыда бірден шешім қабылдау қажет. Чемпион болғаныма қуаныштымын. Себебі менің алдымда да апайларымыз бар күшін салды, өз шеберліктерін көрсетті. Олардың шеберлігін көріп өскен біздер жігерленіп өстік деп айта алар едім. 

Финалда ресейлік қарсыласымнан қарымта қайтардым - Арайлым Әбенова

- Жарыс алдында тарихқа енемін деп ойладыңыз ба?

- Жарыс алдында ешнәрсе ойламауға тырыстым. Себебі артық ой адамды әр жаққа тартып, өз-өзіне сенімсіздік орнатуы мүмкін. Дегенмен спортшы болған соң, еліміздің көк туын көкте желбіретуді армандайсың. Сол себептен өзімді тек «алға» деп қамшыладым. Спортпен кішкентай кезімнен бері айналысқандықтан, көп жылдық еңбегімнің жемісі ақталды деп санаймын. Жарыста еліміздің Әнұраны орындалғанда көзіме жас алдым. Себебі кейде түсімде көретінмін чемпион болсам қалай болар екен деп. Көк туымыз биікте желбіреп, Әнұран орындалғанда қандай сезімде боламын деп ойлайтынмын. Осы ретте жаттықтырушыма алғыс білдіремін. Оның маған айтқан ақылы мен мотивациясы мені жігерлендірді. Өзімнің чемпион болуыма мүмкіндігі бар екендігін аңғартты. Меніңше, әрбір адам өзі істей алатын дүниесін ойға алады. Соған жету жолында барын салады.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай? Келесі жылы қандай халықаралық жарыстарға қатыспақсыз?

- Әлем чемпионатымен тоқтап қалмау. Жаттығуды жалғастырамыз. Келесі жылы самбодан әлем чемпионаты Астанада өтеді. Соған дайындалып, жеңісті қолдан бермеу. Бұдан бөлек, халықаралық дәрежедегі жарыстар болады. Әлі кестесі жарыққа шыққан жоқ. Дегенмен өз деңгейімдегі қарсыластарымның тактикасы мен техникасын меңгеріп, жарыс барысында жеңуге барымды саламын. Алайда жарыс алдында демалып алуды да естен шығармаймыз.

Финалда ресейлік қарсыласымнан қарымта қайтардым - Арайлым Әбенова

- Чемпион болғысы келетін спортшының бойында қандай қасиет болуы керек? Ірі жеңіске жетуде жаттықтырушының рөлі қаншалықты маңызды?

-Менің ойымша, спортшы мен жаттықтырушы бірлесіп дайындалса, жеңіске жетуге болады. Жаттықтырушы өзінің шәкіртінің ұтымды тұсын, осал жағын жақсы біледі. Сол себептен қарсыластарын зерттеп, жақсы тактикаларды ойластыру қажет. Осы ретте, менің жетістікке жетуіме септігін тигізген жаттықтырушым деп айтар едім. Ол кісінің ақылы мен тәжирбесінің арқасында жеңіс тұғырынан көріндім. Спорт еңбекқорлар мен намысшылдарды қажет етеді, кез келген спортшы чемпион болғысы келеді. Мақсатсыз ештеңе шықпайды, ал оған жету үшін жұмыс істеу керек. Елімізде спорт саласы дамып келеді. Еліміз спортшыларға қолдау білдіріп, жарыстарға барған шығындарымызды өтейді. Кейбір елдерде спортшыларға қолдау болмайды. Дегенмен олар жүрек қалауымен спортқа бел буады. Сол себептен жеткіншектерге кішкентайынан спортпен айналысып, үлкен жетістіктерге жетуден қорықпау қажет. Қазақстандық самбошыларға алға қойған мақсаттарына жетіп, жоғары жетістіктерге жетулерін тілеймін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы