Фильмдеріміздің шұбар тілде түсірілуінің себептері бар - киносыншы

13 Қараша 2024, 11:28
2684
Бөлісу:
Фильмдеріміздің шұбар тілде түсірілуінің себептері бар - киносыншы
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Отандық фильмдеріміздің жаңа жанрларға бет бұруы тікелей халықтың таңдауына байланысты. Бүгінгі таңда қазақ фильмнің жанр аясында аз тақырып қамтылғандай көрінеді. Бірақ мұның өзіндік себептері бар. BAQ.KZ тілшісі киносыншы әрі Өнертану PhD докторы Гүлзат Көбекпен кино саласындағы мәселелер жөнінде әңгімелесті. 

-Сіздің ойыңызша, жалпы қазақ көрермендері үшін сапалы дубляжға көп көңіл бөлген дұрыс па, әлде фильм түсірген ұтымды ма? Қайтсек ұтамыз? Себебі, жастардың көбі әлемдік мәдениет пен трендке жиі ілеседі, ал ана тілінде таппай, сезбей жатады.

Сапалы дубляж прокаттағы әлемдік кино өнерінің ең мықты фильмдерін өз тілімізде көруге мүмкіндік береді. Бірақ, халықты ішінен зерттесек, біздегі аудитория қазақшаға да орысшаға да өте зерек. Керісінше, қазақ тілінде жатық аударылмаған дубляжды қабылдай алмай жатады. Отандық өз фильмдеріміздің шұбар тілде түсірілуінің де өзіндік себептері бар. Бұл құбылыстар түбінде тіл тағдырына үлкен бір өзгерістерге алып келеді. Табиғи жолмен жұтылып кету процестері көзге көрінбей жүретін құбылыстар. Балаларға туғаннан өз ана тілін отбасында сіңіру қажет деп есептегенімізбен, ол іс жүзінде жүзеге асып жатыр ма?! Балалар ата - анасына қарағанда әлеуметтік желіге тікелей байланған. Баладан келешектің визуальды тілінің мүмкіндігін алып қою, әлеуметтік желіден ажыратып тастау ол да дұрыс емес. Қай тілде сапалы әрі қызықты контент көп, сол саясат үстемдік етеді. Бұл - мойындауымыз керек шындық.

-Қазір елімізде әзілге толы комедиялар бірінен соң бірі шығып жатыр. Отандық фильмнің дамығаны жақсы ғой, бірақ тақырып аясы тарылған сияқты. Сіздің ойыңызша, әзіл мен өткенімізге көп үңіле беруіміздің себебі неде?

Арзан комедиялар деп ярлык тағып, ол фильмдердің авторларын кемсіте бергенді қоюымыз керек. Кәсіби және адами этика деген бар. Процесті айыптаудан бұрын, зерттеу маңызды. Қолыңнан келсе, қымбатын түсір де прокатқа ұсынып, халықтың назарын жаулап ал! Көрерменге зорлық жүрмейді. Кино саласымен айналысатындарға осыны ашық айтқым келеді. Әр адамның өзіндік таңдауы бар. Ақшасын төлеп, көріп жатқан көрерменді айыптау - әділдік емес. Көрерменнің өресі таяз деп кемсіту ол да адами ұстанымға сай емес. Көрермен деген кім?! Ол - халық. Оның ішінде бәріміздің ағайын - туыс, бауыр, студент жастар, балаларымыз, бәріміз бармыз ғой. Кәсіби киносыншы болсам да мен де көрерменмін. Отандық комедиялық фильмдердің сюжеті не жайында?! Жемқорлық, әділетсіздік, акимат, тендер, әлеуметтік теңсіздік, отбасылық драмалар, қарапайым өз өміріміздегі оқиғалар мен қоғамдағы қалыптасқан жаргондар. Бұл енді 30 жыл тұншыққан, өзіне рухани бағыт таба алмаған қоғамдағы заңдылық. Авторлар бар болғаны соны сайқымазақ тілде экранда қалай бар солай баяндап жатыр.

Өз кемшілігіңе күле алу да - ерлік! Кино өнері біздің елде билікке тіке айта алмаған ішкі қысымын жеткізудің құралына айналды. Сол үшін бәрі “Хотя бы кинода” айтып қалайық деген ұстанымдағы фильм түсірумен айналысып кетті. Бұл қоғамдық травма. Сыздауықтың іріңі ақпаса, дерттен айықпайды. Тазарудан кейін ғана ес жию процесі басталады. Кемелденген тақырыптар келу үшін киногерлерге шығармашылық ізденіс керек. Білуге, үйренуге деген табиғи құштарлық болса, кәсіби шеберлігі жетіп тұрса, төңкеріп тастайтын тақырыптар көп қой. Қаржы табу басты мәселе дейін десең, прокаттан коммерциялық фильмдер миллиард жасап жатыр. Нарықтағы проблема - ұсынатын өнімде. Прокат десе, бізде отандық комедияларды ғана сайқымазақтар деген шаблонмен өлшейді. Прокатқа Оскарға ұсынылған әлемдік мықты фильмдер де шығып жатыр. Барлығына көрерменнің назары маңызды.

- Кейбір фильмдердің режиссерлері орыстілді екенін естіп жатамыз. Бұл фильмге әсер ете ме? Қазақ өмірін көрмеген шетелдіктерге кино мен жарнама түсіртіп жатамыз. Бұл туралы не дейсіз? 

Кімнің қандай тілде білім алғаны фильмнің сапасына әсер етпейді. Ұлттық болмысты, қазақы дүниетанымды терең аша алмауы мүмкін. Шетелдік мамандармен бірлестікте кино түсіру тәжірибесінің артықшылықтары болмаса, зияны жоқ. Димаш Құдайбергеннің дүниежүзінде келісім - шарттары мен аудиториясы бар ғой. Сол сияқты біздің де режиссерларымыз бен актерларымызды Голливуд сияқты алпауыт киноөндірісі бар елдер өз жобаларына шақырып жатса, бұл керемет мүмкіндіктер деп есептеймін. Әлем халықтары тату болғаннан, өнер кеңістігін бірге өркендеткеннен артық адамзатта қандай жоғарғы мұрат болуы мүмкін?! Өнерде шекара болмайды. Өнер соғыссыз қамал алады.

- Көрермен көтереміз деп халықтың ығына жығыла берген қаншалықты дұрыс? Мәселен, шетелдік режиссерлер адам ойына келмейтін ерекше дүниелер жасап жатады. Әлі мықты сценарист пен режиссерлердің қалыптаспағаны ма?

Жапон елінде жақсы бір тәмсіл бар. “Өнеріңді халық мойындамаса, бәрі бекер!” деген. Ығыма жығыл деп ешбір көрермен режиссерларға өкпе айтып жатқан жоқ. Адал ақшасын төлеп, прокатқа не ұсынады соны көріп қана жатыр. Халықта айып жоқ. Аудиторияға өнім ұсынып отырғандарда бос хайп көп. Авторлар өзінің ұсынатын фильмінің мазмұнына өздері тікелей жауапты. Бар көркемдік деңгейі сол болса, ол шындықты қайтіп өзгертуге болады?!

Кәсіби режиссерлар ғана процестегі бұл сеңді әділ бәсекелестікпен бұза алады. Еркіндік - продюсерлік кинода. Іскер продюсерлермен шығармашылық тандем құра білу маңызды. Продюсер режиссердің жеке мүддесі мен идеясын қолдаса, инвесторларға шығып, өз жеке келісім - шарттарымен қаржыландыру тетігін қарастыру қажет. Мемлекеттен, халықтың қазынасынан да көп қаржы бөлінген уақыттар болды. Әлі де кино жобаларға қаржы бөлінеді. Киногерлер прокатты жарып миллиард табамын, халықаралық кинофестивальдерге барып мойындаламын, тіпті, қазаққа Оскар әперемін десе де - барлық есік ашық тұр. Адам өз жеке потенциалының мүмкіндігін өзі ғана ойымен шектей алады. Халық қашан да лайықты рухани көшбасының артынан еруге дайын.

-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы