Тынық мұхитындағы Фиджи мемлекеті АИТВ инфекциясының күрт таралуына байланысты төтенше жағдай жариялады.
CNN-нің мәліметінше, қазіргі уақытта халқы 1 миллионға да жетпейтін архипелагтағы әрбір 60-шы ересек тұрғын АИТВ жұқтырған.
Төтенше жағдай жарияланғанын мәлімдеген Фиджидің денсаулық сақтау министрі Антонио Лалабалаву 2025 жылы елде АИТВ инфекциясын жұқтырған 2016 жаңа жағдай тіркелгенін айтты. Ұлттық денсаулық сақтау статистикасына сәйкес, былтыр АИТВ-мен байланысты 117 адам қайтыс болған. 2021 жылы бұл көрсеткіш 25 адам болған.
АИТВ анықталған ең кішкентай науқас – екі айлық сәби. Одан АИТВ-дан бөлек туберкулез де анықталған. Save the Children Fiji ұйымының мәліметінше, былтыр 59 нәрестеге АИТВ анадан жұққан. Фиджидегі әрбір 50-ші жүкті әйел АИТВ жұқтырған.
БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС жөніндегі бірлескен бағдарламасының (UNAIDS) Фиджидегі кеңесшісі Рената Рамның айтуынша, АИТВ-мен өмір сүріп жатқан Фиджи тұрғындарының тек 39 пайызы өзінің инфекция жұқтырғанын біледі. Ал ем қабылдап жүргендердің үлесі 22 пайыздан аспайды.
Рената Рамның сөзінше, Фиджидегі АИТВ дағдарысына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Алайда инфекцияның таралуындағы негізгі әрі жылдам өсіп келе жатқан жолдардың бірі – инъекциялық есірткі қолдану.