Қазақстан шахмат Олимпиадасын екі ірі жеңіспен бастады

Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары Олимпиаданың алғашқы турын жалпы есепте 8:0 нәтижесімен аяқтады.

 Спортты дамыту дирекциясы 16 Қыркүйек 2026, 21:18
16 Қыркүйек 2026, 21:18
129
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстан құрамалары Самарқандта өтіп жатқан 46-шы шахмат Олимпиадасының алғашқы турында қарсыластарын 4:0 есебімен жеңді.

Әйелдер құрамасы – Алуа Нұрман, Меруерт Камалиденова, Елназ Қалиахмет және Зарина Нұрғалиева әлемдік рейтингте 94-орында тұрған Ботсвана командасына еш мүмкіндік бермей, 4:0 есебімен басым түсті.

Ерлер арасында Сауат Нұрғалиев, Даниал Сапенов, Алдияр Аңсат және Жандос Ағманов әлемдік рейтингте 131-орындағы Гаити құрамасын дәл осындай 4:0 есебімен жеңді.

Осылайша, Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары Олимпиаданың алғашқы турын жалпы есепте 8:0 нәтижесімен аяқтады.

Екінші тур ойындары 17 қыркүйекте өтеді.

Биыл шахмат Олимпиадасында қатысушылар саны бойынша жаңа рекорд тіркелді: ашық санатта 208, әйелдер арасында 192 команда бақ сынауда. 11 турдан тұратын жарыс 27 қыркүйекте мәресіне жетеді.

Наверх