Енді фермерлер несиеге өтінімді үйінде отырып-ақ бере алады

9 Қыркүйек 2020, 15:15
1802
Бөлісу:
Енді фермерлер несиеге өтінімді үйінде отырып-ақ бере алады
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ауыл тұрғындарына несиеге өтінімді онлайн форматта беру жүйесін іске қосты. 

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға 4 млн теңгеге дейін несие алғысы келетін кәсіпкерлердің үйінде отырып-ақ немесе филиал кеңсесіндегі өзіне өзі қызмет көрсету аймағындағы компьютерден несиеге өтінімді онлайн форматта беру мүмкіндігін жасап отыр. Әзірге бұл жүйе тесттік режимде Ақмола мен Алматы облысының кәсіпкерлері үшін іске қосылған. Алдағы уақытта Қордың басқа облыстардағы филиалдарына енгізу жоспарланып отыр.  

Жаңа жүйеде кәсіпкер өтінімінің мақұлданғанын немесе мақұлданбағанын алдын ала біле алады. Бұрын 10-13 құжат жинау талап етілген болса, қазір тек өтінім берушінің жеке куәлігі, электрондық цифрлық қолтаңбасы және кепілдікке қоятын мүлігінің құжаты ғана қажет екен.

Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қайназар ауылында тұратын Анапия Аймұхан несиеге онлайн-өтінім берген алғашқы шаруалардың бірі. 

Қой шаруашылығын дамытуға үшінші рет несие алғалы отырған шаруа автоматтандыру жүйесінің артықшылығы жөніде айтып берді.

WhatsApp Image 2020-09-09 at 15.05.35.jpeg

Мен алғаш 2015 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 2 млн теңге сомасындағы несиені төмен пайызбен алдым. Оны 2017 жылы толықтай қайтарып, тағы да 3 млн теңге несие алдым. Солайша шаруашылығымды ары қарай дамыттым. Ол кезде несие алу үшін 13 құжат түрін жинайтынбыз, ХҚКО-қа барып кезекте тұратынмын. Одан қалса, қалаға жиі қатынайтынмын. Қазір өтінім беру рәсімі жеңілдетіліп, онлайн беруге болады екен. Оған бар жоғы ЭЦП кілтіңіз, төл құжатыңыз және кепілдікке қоятын мүлкіңіздің құжаты болса жеткілікті. Бүгін осы жаңа үрдіс бойынша 4 млн теңге сомасындағы несиеге өтінім беріп көрдім, 1 сағаттың ішінде маған мақұлданған шешім шықты. Өтінім қабылдауды автоматтандыру әсіресе шалғайда жұмыс істейтін фермерлер үшін өте ыңғайлы. Сабылып қалаға барып жүрмей, үйде отырып-ақ өтінім бере аласың, - дейді Аймұхан. 
АФермер қазір 150-дей саулық қой мен 60-қа жуық тоқты бағып отыр. Сондай-ақ, ол осы жолы алған несие қаражатына жер алып,  шаруасын ары қарай дамытқысы келетінін айтады.

WhatsApp Image 2020-09-09 at 15.05.30.jpeg

Қазір ауыл шаруашылығымен айналысатындарды қолдау тұрғысында көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Өйткені біз сияқты шаруалар төмен пайызбен берілетін қаражатқа өте мұқтаж. Қазір малды үйдің жанында ұстап отырмын, алдағы уақытта жер алып, мал санын көбейтсем деймін. Оған қоса, ет өнімін шығару жағына қарай ойысқым келеді, - дейді ол. 
Сондай-ақ, несие алу жөніндегі өтінімді қалай берерін білмей, түсінбей жатқандар Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының кеңсесіне келіп бере алады. Бұл жерде арнайы кеңесшілер барлығын түсіндіріп, көмектесіп отырады.

Алматы филиалының «Өзіне өзі қызмет көрсету» аймағындағы компьютерлерден несиеге онлайн-өтінім берген шаруалардың бірі Рустем Асимов. Ол осымен екінші рет несие рәсімдеуге келіп отырғанын айтады.

Мен Талғар ауданынан келдім. Осы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан бұрын бір рет несие алғанмын. Ол несиені жауып тастап, міне екінші рет тағы несие алуға онлайн-өтінім беріп отырмын. Алдыңғы несиені аларда, көп құжат жинағанмын. Осы жол бәрі оңай, тек ЭЦП кілт болса, компьютерде отырып-ақ көп жұмысты тындыруға болады екен. Мамандар кеңес беріп, көмектесті. Негізі ешқандай қиындығы жоқ екен, - дейді кәсіпкер.

WhatsApp Image 2020-09-09 at 15.05.28 (2).jpeg

Айта кетейік, кәсіпкер үйінде немесе кеңседе отырып, жүйеге өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасының көмегімен кіреді де, «Еңбек» бағдарламасының талаптарына сәйкестігін тексеруге өтінім жібере алады. 

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Несиелеу департаменті директорының орынбасары Армат Байзақов бұл шаруалар үшін өте ыңғайлы жүйе екенін айтады.

WhatsApp Image 2020-09-09 at 15.05.32 (1).jpeg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мемлекеттік қызмет түрлерін автоматтандыру бойынша арнайы тапсырма берген болатын. Соны ескере отырып «Еңбек» бағдарламасы аясында несиелеудің автоматтандырылған онлайн қарастыру жүйесін енгізіп отыр. Бүгінгі таңда мал шаруашылығына арналған 4 млн теңгеге дейінгі несие өтінімдері осы онлайн қарастыру жүйесі арқылы өтеді. Бұл пилоттық жоба Ақмола және Алматы облыстарында іске қосылып отыр. Бұрын шаруалар құжат жинауға 1 айдай уақыт кетіретін, қазір бәрі жылдам. Өтінімді онлайн берген соң, үш күн ішінде кепіл затының бағасына қарай нақты шешім қабылданады. Яғни, несие беру мерзімі 15 күннен 3 күнге дейін қысқарып отыр, - деді ол.
Сонымен қатар, ол бұл жүйе автоматтандырылғалы өтініш беретін шаруалар саны артқанын айтты.
Әрине, бұл жүйе жеңілдетілген соң, несие алсам деген фермерлер саны да көбейіп жатыр. Көбі үйден шықпай-ақ өтініш беріп жатыр. Егер осы екі облыс бойынша шаруалар қызығушылық танытып жатса, өзге облыстарда да осы автоматты өтінім беру жүйесі енгізіледі, - дейді ол. 
Несиені алдын ала онлайн мақұлдауға өтініш беру үшін не істеу керек? Егер сіз Ақмола немесе Алматы облысының тұрғыны болсаңыз және мал шаруашылығын дамытуға қаржы алғыңыз келсе, www.online.fagri.kz порталына кіріңіз және келісімге қол қойыңыз. Жаңа өтінім жасау деген батырмасын басып, өтінімді жеке кабинет арқылы жіберіңіз. Жүйе мемлекеттік дерекқордан ақпарат сұрату арқылы азаматтың несие алу мүмкіндігі мен сенімділігін тексереді. Оң нәтиже болған жағдайда жалғастыру деген батырмасы іске қосылады. Кепілдікті қамтамасыз ету деген бөлімінде кепілге қоюды жоспарлаған мүлікке қатысты деректерді енгізіңіз, жүйе мүліктің нарықтық құнын есептейді. Ұсынылған кепілдік мүлкі жеткілікті болған жағдайда, жүйе кепілдікті қамтамасыз ету жөніндегі құжаттармен облыстық филиалға жүгіну мүмкіндігі туралы хабарламаны көрсетеді.

WhatsApp Image 2020-09-09 at 15.05.34.jpeg

Құжаттарды несие менеджеріне тапсырғаннан кейін сіз өзіңіздің жеке кабинетіңізден өтініміңіз бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың қай деңгейде екенін бақылай аласыз. Уәкілетті орган оң шешім шығарған жағдайда несие шартын жасасу үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалына баруыңыз керек.

WhatsApp Image 2020-09-09 at 15.05.35 (1).jpeg

Өтінімді алдын ала мақұлдау шешімі 10-15 минут аралығында қабылданады. Ал, өтінімді одан әрі қарау мерзімі 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқарды.

Өзгелердің жаңалығы