Фердоуси Қожабергенов: Қызылорда облысы тарихи-көне қалашықтар, қасиетті мекендермен мақтана алады

17 Шілде 2021, 10:40
4396
Бөлісу:
Фердоуси Қожабергенов: Қызылорда облысы тарихи-көне қалашықтар, қасиетті мекендермен мақтана алады
Сұхбат

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы тұрғындарын бірінші қажеттіліктегі тауарлармен қамтамасыз ету үшін аймақта «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары» қабылданған болатын. Бұл жоспар өңір экономикасында өз орнын таба алмаған біршама бизнес субъектілері үшін таптырмас мүмкіндік болып, қазіргі таңда мемлекет қолдауына ие болып отыр. Бүгінде өңірде жалпы құны 8,6 млрд теңгені құрайтын 145 жоба іске асырылды.          

- Фердоуси Әбілқасымұлы, жыл басынан бері кәсіпкерлік саласында не өзгерді? Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы қалай?

- Жалпы былтырғы жылы әлемді шарпыған пандемия салдары ел экономикасына оңай тимегені барлығына мәлім.

Кәсіпкерлік субъектілерінің басым бөлігінің қызметі тоқтатылып, әсіресе бөлшек сауда, туризм салалары мен қоғамдық тамақтану орындары және мейрамханалар бизнесі зардап шекті.

Шекаралардың жабылуынан дүкендерде бірінші қажеттілікті қамтамасыз ететін тауарлардың бағасы өсіп, қорымыз айтарлықтай азайып кетті. Бұл кезеңде өңір экономикасына жүргізілген талдау азық-түлік тауарларының 95 пайызы сырттан келетінін көрсетті. Әрине, ол үшін Үкіметпен жедел экономикалық шаралар қабылданып, бұл жұмыстар максималды өңірлік деңгейде де жалғасын тапты.

Облыс әкімдігімен облыс тұрғындарын бірінші қажеттіліктегі тауарлармен қамтамасыз ету үшін «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары» қабылданды.

Жоспар өңір экономикасында өз орнын таба алмаған біршама бизнес субъектілері үшін жақсы тірек болып, бүгінде жалпы құны 8,6 млрд теңгені құрайтын 145 жоба іске асырылды. Бұл кәсіпорындар облыс тұрғындарын экологиялық таза және сапалы өнімдермен қамтамасыз ететін дайын өнімдерді шығаруда.

Кеңінен айтар болсақ, тамақ өнеркәсібінде қой, сиыр, жылқы еттерінен консервілер, жартылай фабрикаттар, 16 түрлі шұжық өнімдері, макарон өнімдері, сондай-ақ асқабақ сусыны мен шоколад өндірістері іске қосылды. Сонымен бірге, құрылыс саласында бірқатар құрылыс материалдарының өндірістері, сабын және антисептик өндірістері де іске қосылды.

Әрине, оған мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы институттары мен инвесторлардың қаражаттары бағытталды.

Жалпы, биылғы жылы «Бизнестің жол картасы 2025», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары аясында, сондай-ақ «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы шағын және орта бизнесті қаржыландыруға бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 6 пайызбен несиелендіру құралы енгізіліп, оған Үкіметтен облысқа 1 млрд теңге қарастырылып отыр.

Бүгінгі күні облыс бойынша шағын және орта бизнестің 1600-ге жуық жобасы 15,5 млрд теңгемен несиелендіріліп отыр.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда жас кәсіпкерлердің жаңа толқынын тарту және қолдау мақсатында бірқатар жүйелі қолдау шаралары іске асырылуда. Оның бірі, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына облыстық бюджеттен қосымша 400 млн. теңге қаржы қарастырылуда. Бұл қаражат облыста өңдеу өнеркәсібі саласына жылдық 2 пайызбен 4 жыл мерзімге жеңілдетілген несие түрінде берілетін болады. Бұндай қолдау шарасы бұрын-соңды облысымызда болмаған.

Сондай-ақ, облыс әкімдігімен тамақ өнеркәсібі саласындағы жаңа жобаларды қолдау және оларды іске асыру мақсатында «Арнайы экономикалық аймақ құру» мәселесі пысықталуда.

Ол үшін барлық инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген бұрынғы тоқыма емес зауыт базасы қарастырылуда. Қазірдің өзінде, мұнай сервисі саласындағы жергілікті инвесторлар 5 млрд. теңге салуға дайын. Бүгінде бұл арнайы аймақты құруға Үкіметтің тұжырымдамалық мақұлдамасы алынды.

Осы жұмыстардың нәтижесінде, бүгінде, облыста жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің саны 6,1 пайызға артып, 49808 субъектіні құрады. Онда қазіргі таңда өңір халқының үштен бірі жұмыспен қамтылып отыр. Республика бойынша алдыңғы қатардамыз.

 - Кәсіп бастауға ниетті жандар мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, алайда жобасы мақұлданбай реніш білдіріп жатады? Бұған не дейсіз?

- Өңірімізде кәсіпке бет-бұрыс жасаған азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Әрине, оған Үкіметпен қабылданып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етуде. Атап айтсақ, кәсіпкерлік бастамаларға мемлекеттік гранттар беру, жеңілдікпен несиелер беру секілді қолдау шаралары іске асырылуда. Жалпы, өңір кәсіпкерлері тарапынан наразылықтар бірінші кезекте мемлекеттік грант қаражаттарын алу барысында туындайды.

Мемлекеттік гранттар 2-5 млн теңге аралығында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін конкурстық іріктеу негізінде ұсынылады.

Бизнес-идеяның жаңашылдығы - нақты елді мекенде бұрын-соңды болмаған жобаларды іске асырумен бағаланады. Оған бағытталатын қаражат қайтарымсыз болғандықтан, кәсіпкерлер арасында сұраныс өте жоғары. Жыл сайын конкурсқа қатысуға кәсіпкерлермен 500-ден астам жобалар ұсынылады.

Кәсіпкерлермен ұсынылатын жобалар көп жағдайда негізгі талаптарға сәйкес келе бермейді. Оған қоса, бюджеттен қарастырылатын қаражаттардың да көлемі аз.

Тиісінше, комиссия мүшелері жобалардың жаңашылдығымен қатар, бәсекеге қабілеттілігін, жобаның өміршеңдігін қоса бағалай отырып, жеңімпаздарды анықтайды. Бұл ретте, кәсіпкерлер жобаны ұсыну кезінде оның сол мекенде жаңашылдығы, сұранысы бар-жоғын зерттеп, ұсынуы тиіс.

Бұдан өзге, бағдарламалар аясында несие қаражаттары кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары арқылы беріледі. Бұл жерде банктердің несиелендіру саясаты, оның ішінде кепілдік саясаты микроқаржы ұйымдарына қарағанда қатаң.

Бізде облыс кәсіпкерлерінің жартысынан астамы ауылдық жерлерде тіркелген. Олардың банктердің қойған талаптарына сәйкес келетін кепілге қоятын мүліктері жоқ. Бұл бірінші кедергі десек болады.

Екіншіден, кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлкі бар кәсіпкерлердің несие алуға айналым қаражаты жетпейді. Яғни, мерзімінде кәсіпкерлік қызметтері бойынша салық органына тиісті есептіліктерін тапсырмайды. Сәйкесінше, банктер мен қаржы ұйымдары айналымы жоқ кәсіпкерлерді несиелендіру үшін тәуекелге барғысы келе бермейді.

Сондай-ақ, банктер старт-ап жобаларды төлем қабілеттілігі төмен болуына байланысты, несиелендіруден көп жағдайда бас тартады.

Тағы бір айта кететін жағдай, кәсіпкерлермен несие алу үшін берілген өтінімдер 1 айдан 6 айға дейін қаралады. Бұл мәселелердің барлығы кәсіпкерлердің «жедел рәсімдеуге мүмкіндік беретін» жоғары пайыздағы тұтынушылық кредиттерге жүгінуіне итермелейтіні сөзсіз.

Айта кету қажет, былтыр пандемия уақытында Үкімет кәсіпкерлік саласында бірқатар бағдарламалардың қаржыландыру шарттарын жеңілдетті. Яғни, несиенің пайыздық мөлшерлемелерін 6 пайызға дейін төмендетіп, мемлекет тарапынан берілетін кепілдіктердің аясын кеңейтті және бөлінетін қаражаттарды да ұлғайтты.

Оның біріне тоқталатын болсам, «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлерге мемлекеттің 85 пайыз кепілдігі негізінде жылдық 6 пайызбен микрокредит беру құралы іске асырылды. Өз кезегінде, бұл микрокредиттерді беру тәртібі бірнеше банктермен автоматтандырылып, «скоринг» бағдарламасы арқылы онлайн түрде ұсынылды. Бұл кәсіпкерлердің сұранысын арттырды.

Дегенмен, бұл қолдау шарасы тұтынушылық несие алып, несие тарихы бұзылған кәсіпкерлер үшін әлі де қолжетімсіз болып отыр.

Ендігі, биылғы жылы Мемлекет басшысы Үкіметке бағдарламалардың қаржыландыру тетіктерін қайта қарастыруды және микроқаржы ұйымдарының бағдарламаларға белсенді қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Тапсырмаға сәйкес облыс әкімдігі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жаңа микроқаржы ұйымын құрып жатыр. Бұл микроқаржы ұйымы алдағы уақытты «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы секілді мемлекеттік бағдарламаларға қатыстырылып, ауыл кәсіпкерлерін қаржыландыру саясатын іске асыратын болады.

- Аймақтағы мейрамханалардың қаншасы бизнестегі бағытын өзгертті?

 - Расыменде, пандемия кәсіпкерлікке қатты зардабын тигізді. Коронавирустың алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кейбір кәсіпкерлік қызмет түрлеріне, оның ішінде тойханалардың қызметіне тыйым салынды.

Бұл ретте, облыс әкімдігімен пандемия салдарынан аса зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарын қайта жандандыру және басқа салаларға бағыттау мақсатында «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары» әзірленді.

Жоспарды тиімді жүзеге асыру мақсатында тойхана қызметінің бағытын ауыстыруға ниет білдірген кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығымен жан-жақты қолдаулар көрсетілуде.

Бүгінгі күні, облыста 128 тойхана тіркелген болса, 22 тойхана қызметін өзге салаларға бағыттауда. Оның ішінде, 18 тойхана қызметін өзге салаға бағыттау жұмыстарын аяқтап, 4 тойхананың қызметін қайта бағыттау жұмыстары жүргізілуде.

Мәселен, Арал ауданында орналасқан «Ақниет», «Алмаз», «Хан Шатыр» тойханалары сауда орындарына және «Нұрсұлтан» тойханасы шағын наубайханаға бағытталса, Қазалы ауданында «Орда», «Алатау», «RR», «Ақтілек», «Тілеулес» тойханалары қоғамдық тамақтану нысандарына ауыстырылды.

Сондай-ақ, Қармақшы ауданында орналасқан «Мәлике Ана» тойханасы балалар ойын алаңы мен кондитерлік өнімдер өндіретін цехына, «Ақтілек» тойханасы тігін шеберханасына және «Мирас» тойханасы сауда орнына өз қызметін қайта бағыттады.

Жалағаш ауданындағы «Береке» тойханасының нысаны спорт кешеніне айналды.

Қызылорда қаласында жеке кәсіпкер Жандос Оңалбеков «Хан Шатыр» тойхана ғимаратын «Kids Park kzo» атауымен отбасылық мейрамханасына бағыттады. Кәсіпкер жобаны іске асыру үшін 83 млн. теңге жеке қаражатын жұмсаған. Кәсіпкер отбасылық мейрамхананы іске қосумен қатар 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Отбасылық мейрамхана бір мезгілде 300 балаға дейін ойын-сауық алаңын және 200 орындық қоғамдық тамақтану қызметін ұсынуда.

Өндіріс саласымен бірге тойхана иелері мал, құс шаруашылығымен де айналысып келеді. Байқағанымыздай, тойхана басшыларының өз қызметтерін басқа бағытқа ауыстыруға қызығушылықтары жоғары.

 - Қызылордада қандай кәсіп түрі ақсап тұр?

- Жалпы облыс аграрлық секторға бағытталған өңір екендігі бұрыннан белгілі. Соған қарамастан өңір халқымен тұтынылатын өнімдердің басым бөлігі республиканың өзге өңірлері мен шет мемлекеттерден әкелінеді. Оны бұған дейін атап өткенімдей, былтыр пандемия уақытында жүргізілген талдау нәтижесінен де көрдік. Яғни, өңіріміз ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы болғанымен, егістігіміз бен төрт-түлік малымызды өңдеу өнеркәсібіне айналдыратын өндірісіміз тиісті деңгейде дамымаған деп ойлаймын.

Сәйкесінше, өңір тұрғындарының өзін-өзі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуі үшін бірінші кезекте тамақ өнеркәсібінің өндірісін дамыту қажет деп санаймын. Бүгінде облыс төңірегінде қолда бар ресурстар мен мүмкіндіктер осы бағытқа барынша жұмсалуда.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда өңірімізде дамыту қажет бағыттардың бірі - туризм саласы. Бүгінгі күні өңіріміздің туризм саласын ілгерілету мақсатында, Қызылорда қаласы төңірегінен жаңа демалыс паркі, хайуанаттар паркі, Эделвейс көлі жанынан жағажай ашу тектес жобаларды жүзеге асыру мәселелері пысықталуда.

- «Туризм» деп қалдыңыз. Жалпы, бұл сала облыста кенжелеп қалған саланының бірі екені рас. Оны дамытуда қандай жұмыстар атқарылуда?

 - 2020 жылы басқармамен өңіріміздегі туристік дестинацияларға баратын инфрақұрылымдық жобаларға түгендеу жүргізілді.

Нәтижесінде Арал ауданындағы «Қамыстыбас» демалыс аймағына, Ақеспе ауылындағы «Ыстық су» бұлағына, Қармақшы ауданындағы «Марал Ишан» кесенесіне баратын жолдарды жөндеу, Қазалы ауданындағы «Жанкент» қалашығын абаттандыру, «Сығанақ» қалашығы және «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне отырғыштар мен санитарлық-гигиеналық тораптар орналастыру секілді 15 жоба іріктеліп, жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 360 қаулысымен «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Бұл ретте, бағдарлама аясындағы Туристендіру картасының ТОП-50 нысандар тізіміне «Қамыстыбас» демалыс аймағы мен «Жаңақорған» шипажайы енгізілген болатын.

«Қамыстыбас» демалыс аймағы көл жағалуында 22 кәсіпкер қызмет жасайтын 104 демалыс үйлері орналасқан. 2019 жылдың қорытындысымен демалушылар саны 90 000-нан асты. Демалыс аймағына «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында сыртқы инфрақұрылымдар жеткізілді.

Қазіргі уақытта Жаңақорған ауданында 4 шипажай жұмыс жасап тұр. Оның ішінде былтыр желтоқсан айында 120 орындық заманауи шипажай іске қосылып, 50 адамға жұмыс көзін ұсынып отыр.

Айта кету керек, мемлекет тарапынан туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау шаралары жүргізілуде.    

Осыған орай, Мемлекет басшысы көптен күткен «Қазақстан Республикасының кейбір Заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Оның ішінде:

- Жол бойындағы сервис объектілерін, туристерді орналастыру орындарын салуға (10%) және санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған шығындарды өтеу (айына 83 000 теңге);

- Туристік мақсатта автокөлік құралдарын және тау шаңғысы курорттарын дамытуға арналған жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу - 25%;  Туристік пакет құрамында әкелінген әрбір шетелдік турист үшін туроператорларға төлем - 15 000 теңге.

- «Kids Go Free» бағдарламасы бойынша турпакет құрамындағы балаларға ұшақ билеті үшін тасымалдау ақысын өтеу – 100%;

Жалпы, аймақтың туристік әлеуетін имидждік шараларсыз дамыту қиын. Осы ретте, туризм саласын дамыту бағытында облыстық бюджет қаржысы есебінен төмендегі іс-шараларды жүзеге жоспарлануда.

1. «Қолөнер – асыл қазына» қолөнершілер көрмесі .

2. «Қонақ үй және мейрамхана бизнесі персоналына менеджмент бойынша семинар-тренинг өткізу».

3. Қазақстандық туроператорлар, белсенді әлеуметтік желі қолданушылары және БАҚ өкілдері арасында ақпараттық тур ұйымдастыру.

4. 4 К форматында түсірілген «Қызылорда облысының туристік әлеуеті», «Ғарыштық туризм» және «Медициналық туризм» тақырыптарында 3 видеоролик дайындау.

Жалпы, туризм саласындағы инвестицияға келетін болсақ, биыл
7,1 млрд. теңгені құрайтын 9 нысанды іске қосу және жаңадан 150 тұрақты, 110 құрылыс кезеңінде жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр.

 - Қызылорда облысы Қорқыт ата кешенінен өзге қандай туристік нысанмен мақтана алады?

 - Бұған дейін атап өткенімдей, «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясындағы Туристендіру картасының ТОП-50 нысандар тізіміне «Қамыстыбас» демалыс аймағы мен «Жаңақорған» шипажайы енгізілді.

Айта кету қажет, облыс медициналық, экологиялық туризм түрлерімен танылған, сондай-ақ тарихи-көне қалашықтарға толы, әрі қасиетті мекендермен мақтануға болады.  

Жалпы облыста, Туристендіру картасынан бөлек, экологиялық, тарихи бағытта көрсетуге тұрарлық бірнеше туристік нысандар бар.

Бұл ретте, Арал ауданының экологиялық табиғатынан туындаған шөлді құм төбелері, «Барсакелмес» қорығы, «Ыстық су» шипалы бұлағы, «Қамыстыбас» демалыс аймағы, «Возрождение» аралын атап өтуге болады.

1) Шөлді құм төбелері - Арал қаласына жақын жерде Шижаға ауылында ақ құм төбелері орналасқан. Мұнда жол талғамайтын көлікпен Сафари турын ұйымдастыруға болады.

2) «Барсакелмес» табиғи қорығы - Қорықтың аумағы «Барсакелмес» және «Қасқақұлан» 2 кластерлік аумақтан тұрады. Барсекелмес - Қазақстан мен ТМД елдерінде орналасқан бірден-бір экстремалды қоршаған орта жағдайлары бар ауқымды жаһандық экологиялық апат аймағындағы қорық.

3) «Ыстық су» шипалы бұлағы - Шипалы бұлақ Арал ауданы, Қосаман ауылдық округі, Ақеспе елді мекенінде орналасқан. Бұлақтың көзі 1986 жылы «Геобарлау Шымкент» гидроэкспедициясы мекемесінің бұрғылауымен ашылған. 1200 метр тереңдіктен бұрғылау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде температурасы 62 градус болатын минералды судың бар екені анықталды. Ыстық судың құрамында адам денсаулығына пайдалы минералдар өте көп. Шипалы бұлақ суы буын, тері, жүйке жүйелерінің ауруларына таптырмас ем болып табылады.

4) «Возрождение» аралы – Арал теңізінің орталық бөлігінде орналасқан. Оңтүстікке қарай 150 км-ге созылып жатыр. Арал теңіз табаны болып, жазық далаға айналған. Бұрынғы теңіз тіршілігінде қызмет еткен кемелер қалдыққа айналып, құмды далада қараусыз қалып қойған.

- Айтыңызшы, кәсіпті дамытуда не маңызды?

- Әрине, кімнің де болмасын өз жеке кәсібі, толағай табысы болғанын қалайды.

Кәсіпті дамытуда ең алдымен ойыңызды айқындап, кәсіпкерлік қызметтің бағытын анықтау, нарықты зерттеу немесе таңдап отырған кәсібіңіз туралы барынша көп ақпарат жинау және сол ақпаратты ұсақ-түйегіне дейін талдап қарастыру кәсібіңіздің өрге дөңгелеуіне тікелей байланысты болатын ең маңызды қадамдардың бірі деп білемін.

Жоғарыда атап өткенімдей, қазіргі таңда кәсіппен айналысамын деген азаматтарға түрлі мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар қарастырылған. Соның негізінде өңір кәсіпкерлеріне жеңілдетілген пайызбен несиелерге, қайтарымсыз гранттарға өзге де түрлі қолдау шараларына қол жеткізуге мүмкіндіктер жетерлік.

Одан бөлек, «Бір терезе» қағидаты негізінде қызмет көрсететін «Бизнеске арналған үкімет» платформасы кәсіпкерлерімізге жеке кәсіпкер ретінде тіркелуден бастап, бизнес жоспар әзірлеу, бағдарламаларға қатысу барысында және өзге де кәсіпкерлік мәселелері бойынша толықтай сүйемелдеуге алады.

Тек бизнесті дамыту үшін қолда бар мүмкіндікті пайдаланған жөн. Барлық іс-әрекетті алдын ала жоспарлап, әрбір шығынды есептеп, одан түсетін пайданы есептеу қажет. Егер қандайда бір қиындық туындаса, ісіңіз ойдағыдай жүзеге аспаған болса, қол сілтеудің қажеті жоқ. Осы ретте сөзімді қазақтың «істің басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген нақыл сөзіммен жалғағым келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет!



Өзгелердің жаңалығы