«EXPO 2020 Dubai». Қазақстан Туы көтерілді
PHOTO
1 Желтоқсан 2021, 17:33 888

«EXPO 2020 Dubai». Қазақстан Туы көтерілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Мамин Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барып, «EXPO 2020 Dubai» дүниежүзілік көрмесінде Қазақстанның ұлттық күні аясындағы іс-шараларға қатысты.

ЭКСПО-ның Әл-Васл Плаза орталық алаңында ҚР Премьер-Министрі А. Мамин мен толеранттылық және қатар өмір сүру мәселелері жөніндегі министр, «EXPO 2020 Dubai» бас комиссары шейх Нахайан бин Мубарак әл Нахайанның қатысуымен Қазақстан Республикасының ұлттық туын көтеру рәсімі өтті.

Үкімет басшысы қазақстандық сауда-инвестициялық форумға қатысты, онда 100-ге жуық адам – ҚР мен БАӘ мемлекеттік органдарының, іскерлік орталарының, ұлттық холдингтері мен даму институттарының өкілдері бас қосты.

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қарым-қатынас сапалы жаңа деңгейге көтерілді. 1991 жылдан бастап БАӘ ҚР экономикасына $4 млрд астам инвестиция салды. Қазақстанда БАӘ капиталының қатысуымен 250-ден астам компания жұмыс істейді. Жаһандық экономикада сақталып отырған сын-тегеуріндерге қарамастан, елдеріміздің ынтымақтастығы нығая түсуде, — деді А. Мамин форумның пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде.

Үкімет басшысы екіжақты қарым-қатынастағы маңызды оқиға биылғы қазан айында экономиканың басым салаларында жобаларды дамыту бойынша ұзақмерзімді стратегиялық серіктестік орнату туралы үкіметаралық келісімге қол қою болғанын атап өтті. Құжат ҚР ұлттық экономикасының энергетикалық, агроөнеркәсіптік, көлік-логистикалық, фармацевтикалық және қаржы секторларындағы жобаларды іске асыруға бағытталған, инвестициялардың жалпы көлемі $6 млрд-тан асады.

Форумның пленарлық сессиясында энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, БАӘ энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазруи, БАӘ мемлекеттік министрі Ахмед Али әл-Сайех және т. б. сөз сөйледі.

Форум қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ мен Abu Dhabi Developmental Holding Company (ADQ) тәуелсіз қоры арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ ҚР-да жалпы қуаттылығы 4 ГВт болатын күн және жел электр станцияларын салу бойынша инвестициялық құжаттарға қол қойылды.

Қазіргі уақытта әмірліктер компаниялары Қазақстанда жалпы құны $3,5 млрд-тан асатын 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға қатысып жатыр.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Дубай қаласына сапары аясында «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ цифрлық көрмесімен танысып, «EXPO 2020 Dubai» көрмесінің тақырыптық павильондарын аралады, сондай-ақ БАӘ жетекші компанияларының басшылығымен келіссөздер жүргізді.

Қазақстанның ұлттық күнін мерекелеу барысында EXPO аумағында дүниежүзілік көрме қонақтары үшін Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің, опера әншісі Мария Мудряктың, «Астана балет» ұжымының және Қазақстанның басқа да әртістерінің қатысуымен концерт өтті.


Фото: дереккөз
Загрузка...