Еуропарламентте «Жаңа Қазақстан: Конституциялық референдумның қорытындылары және демократиялық жаңғыру жолы» атты пікірталас өтті. Жиында қатысушылар Қазақстандағы саяси реформаларды және Еуропалық одақпен алдағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Еуропарламент депутаты Томаш Здеховски Қазақстанның Орталық Азиядағы Еуропалық одақтың негізгі серіктестерінің бірі екенін айтып, бұл әріптестік тек экономикалық емес, стратегиялық және саяси тұрғыдан да маңызды екенін атап өтті.
Қазақстан Орталық Азиядағы Еуропалық одақтың басты серіктестерінің біріне айналды. Бұл серіктестік экономикалық, стратегиялық және саяси бағыттарда нығайып келеді. Алайда шынайы әрі берік әріптестік тек экономикалық мүдделерге ғана негізделмейді. Қазақстан конституциялық реформалар мен саяси жаңғыру үдерісін жалғастырып жатқан кезде демократиялық басқару, заң үстемдігі, ашықтық және азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуы мәселелері бойынша ашық әрі сындарлы диалогты сақтау аса маңызды, – деді Томаш Здеховски.
Еуродепутаттың айтуынша, Еуропарламенттегі талқылау Қазақстанның реформаларды жүзеге асыруда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенін көрсетті. Дегенмен, алда атқарылатын жұмыстар әлі де бар. Ол Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту екі негізгі бағытқа сүйенуі тиіс екенін айтты. Олар – экономикалық әріптестікті нығайту және ортақ құндылықтарға негізделген өзара ықпалдастықты кеңейту.
Томаш Здеховски пікірталасқа қатысушыларға мазмұнды пікір алмасқаны үшін алғыс айтып, Еуропалық одақтың Қазақстанмен серіктестікті тереңдетуге, сондай-ақ тұрақтылық, өркендеу және демократиялық жаңғыру мәселелері бойынша ашық диалогты қолдауға дайын екенін растады.
Іс-шара барысында жарияланған мәліметке сәйкес, 2024 жылы Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы шамамен 45 млрд еуроға жеткен. Ал еуропалық инвестициялардың көлемі 54 млрд еуродан асты.