Қалыптан тыс аптап ыстықтан кейін Еуропаның бірқатар елінде орман өрттерінің жаңа толқыны басталды.
Францияның оңтүстігінде Шығыс Пиреней департаментіндегі Перпиньян қаласынан батысқа қарай 35 шақырым жерде шыққан өртті сөндіруге 580-нен астам өрт сөндіруші жұмылдырылды. Өрт шамамен 930 гектар аумақты шарпыды. Сонымен қатар Нарбонна қаласының солтүстігінде тағы 900 гектарға жуық орман өртенді. Лансон және Упия елді мекендерінде де жаңа өрт ошақтары анықталды.
Грекияда өрт Салоники қаласының маңындағы Ореокастро муниципалитетінің тұрғын аудандарына жетті. Жалын екі кәсіпорынның аумағын шарпып, тұрғын үйлерге жақындаған. Бұған дейін Халкидики өңірінде, Саламин аралында және елдің оңтүстігінде де орман өрттері тіркелген болатын.
Испанияның Каталония аймағындағы Ла-Бисбаль-д'Эмпорда қаласы маңында өрт шамамен 2200 гектар өсімдік жамылғысын жойды. Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт ішінара бақылауға алынған.
Португалияда құтқару қызметтерінің бағалауынша, өрттен зардап шеккен орман алқабының көлемі шамамен 10 мың гектарға жетті.
Германияда Гарц таулы аймағында орман өртінің қаупіне байланысты екінші деңгейдегі ескерту жарияланды. Der Spiegel басылымының хабарлауынша, алдағы аптада елге аптап ыстықтың жаңа толқыны келеді.