Еуроодақ газ тұтынуды 15% қысқартуға шақырды

21 Шілде 2022, 07:40
925
Бөлісу:
Еуроодақ газ тұтынуды 15% қысқартуға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуроодақ елдері жақын арада газ тұтынуды 15 процентке қысқартуы тиіс. Онсыз алдағы қыста ахуал күрделі болуы мүмкін. Еурокомиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен қысқы маусымға дайындық жоспарын ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған сәйкес тамыздан бастап келесі 7 айға шектеу енгізу көзделіп отыр. Еурокомиссия одаққа мүше елдерге атом станцияларында энергия өндіруді арттырып, биогазды кеңінен пайдалануға нұсқау берді.

Сондай-ақ қыста үйлерді жылыту ережелерін өзгертіп, 19 градустан жоғары көтермеу ұсынылып отыр. Әзербайжан, Норвегия және Алжирден сатып алатын көгілдір отын көлемі өскенімен, ол толығымен ресейлік газды ауыстыра алмайды. Украинада әскери қимыл басталмас бұрын, Еуроодақ тұтынатын газдың 40 проценті Ресей үлесінде болған еді.

Жалпы былтырғымен салыстырғанда ресейлік газды жеткізу үш есе азайды. Ресей энергияны қару ретінде қолданып, бізге сес көрсетіп отыр. Сондықтан ресейлік газды жеткізу қысқарса, әлде мүлдем тоқтаса, біз бұған дайын болуымыз керек, – деп мәлімдеді Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен.

Өзгелердің жаңалығы