Сауда орталықтарында ет өнімдерін сату бойынша көптеген заңбұзушылық анықталды

21 Тамыз 2019, 09:51
2887
Бөлісу:
Сауда орталықтарында ет өнімдерін сату бойынша көптеген заңбұзушылық анықталды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысы бойынша арнайы мониторингтік топ мүшелері Көкшетау қаласының сауда орталықтарындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін жүзеге асыруда санитариялық нормалардың сақталуына мониторинг жүргізді.

«Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдерімен бірлескен мониторинг барысында жұмыс тобының мүшелері тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бірнеше мәрте бұзылғандығын анықтады. 

«Мысалға, сауда орталықтарындағы ет сақтауға арналған мұздатқыш камералар қажеттілік туған кезде жуылмайды. Сиыр етін сақтау үшін осындай камералардың ішінде қорғаныс қақпақшалары жоқ шамдар қолданылады. Бұл ет өнімдеріне әйнек сияқты қауіпті қалдықтардың түсуінен қорғамайды. Сонымен қатар, температура өлшеу үшін қажетті бақылау-өлшеу құрылғыларының жоқтығы анықталды. Етті сатылымға шығаруға қажетті сөрелер немесе витриналар да жоқ екен», - делінген хабарламада.

Ақмола облысы бойынша арнайы мониторингтік топтың мәліметінше, мұздатылған етті сату шарттары сақталмайды. Етті түпқоймасыз, жерде сақтайтын жағдайлар да анықталды. Ет шабатын бөлмеде қол жууға арналған шұңғылшалар орнатылмаған.

«Ет тасымалдау қызметіне қатысты да көптеген ескерту жасалды. Арнайы транспорттық құрал болмағандықтан ет жеңіл автокөлікпен тасымалданады. Көліктің ішкі жоғарғы қабаты тазаланбайтын, жуылмайтын және зарарсыздандырылмайтын, азық өнімдерін ластанудан, жануарлардың, кеміргіштер мен құрт-құмырсқалардың кіруінен сақтамайтын материалдан жасалған. Сонымен қатар, жұмысшылардың алжапқыштан басқа арнайы киіммен толық қамтамасыз етілмейтіні анықталды. Жеке және арнайы киімді бөлек сақтауға арналған киім ілетін бөлме қарастырылмаған.».

IMG20190820082236.jpg

Өткізілген мониторинг қорытындысы бойынша Арнайы мониторингтік топ мүшелері сауда орталықтарының иелеріне анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті ұсынымдар енгізді. Сонымен қатар, уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен арнайы жиналыс өткізіп, осындай заң бұзушылықтарға алдағы уақытта жол бермеу мәселесін талқылау жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы