Эстония 1 желтоқсаннан бастап Ресеймен шекарадағы барлық өткізу бекеттерін жабады. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Мұндай шешім эстондық дрон өндіруші Threod Systems компаниясына жасалған диверсиядан кейін қабылданған. Таллин бұл әрекетті Ресейдің әскери барлауымен байланыстырып отыр, деп жазады Euronews.
Эстония СІМ-нің X әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде Ресейдің ел қауіпсіздігіне қауіп төндіру, тұрақсыздандыру немесе оған нұқсан келтіру әрекеттері жауапсыз қалмайтыны айтылған.
Эстония Премьер-министрі Кристен Михалдың мәлімдеуінше, сенбі күні таңертең Threod Systems компаниясының ғимаратында жарылыс пен өрт туғызуға бағытталған шабуыл жасалған. Құқық қорғау органдарының жедел әрекеті мен күшейтілген қауіпсіздік шараларының арқасында айтарлықтай залалдың алдын алуға мүмкіндік туған.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, оқиғаға байланысты сегіз адам ұсталған. Михал бұл әрекетті Ресейдің Еуропаға қарсы жүргізіп отырған гибридті соғысының бір бөлігі деп бағалап, оның мақсаты Украинаны қолдауды әлсірету және Ресейге көрсетілетін қысымды азайту екенін атап өтті.
2012 жылы құрылған Threod Systems компаниясы ұшқышсыз ұшу аппараттары мен бақылау жүйелерін әзірлеп, өндіреді. Оның өнімдері қатарында Eos дрондары мен eopic электро-оптикалық жүйелері бар.
Эстония үкіметі Ресеймен шекараны жабу арқылы ел тұрғындары мен ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерді азайтуды көздейді. Бұған дейін, тамыз айында, Эстонияның тағы бір қорғаныс кәсіпорны Milrem Robotics ғимаратында өрт болған. Эстония шенеуніктері бұл оқиғаның артында Ресей барлау қызметтері тұруы мүмкін екенін мәлімдеген.
Эстония НАТО-ның шығыс қапталында орналасқан. Соңғы уақытта Балтық өңірінде кибершабуылдар, дрондардың әуе кеңістігіне енуі және диверсиялық әрекеттерге қатысты қауіпсіздік алаңдаушылығы күшейген.