Эстон спортшысы Бозжырадағы аспалы жолды бағындырды

22 Қараша 2022, 21:15
1147
Бөлісу:
Эстон спортшысы Бозжырадағы аспалы жолды бағындырды

Эстониялық слэклайнер-спортшы Бозжырадағы шатқалдардың арасын арқанмен жүріп өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Эстониялық танымал слэклайнер-спортшы Яан Роозе Қазақстанға келіп, әйгілі Бозжыра шатқалындағы қос «азудың» арасын жалғаған аспалы арқан жолмен жүрді. Маңғыстау облыстық әкімдігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және «Қазақ Туризм» ҰК АҚ-ның қолдауымен іске асқан жоба кезінде спортшы екі жүз метр биіктікте жарты шақырым қашықтықты бағындырған.

Бозжыра мен үшін үлкен сынақ болды. Ол менің өмірімдегі ең күрделі, әрі әдемі жобалардың бірі. Бозжыраның суреттерін көргенде қайран қалып едім. Ал осында келіп, сол сұлулықтың бәрін өз көзіммен көрген кезде, тіпті таң қалдым. Бұрынғы мұхиттың орны деген дерек қиялыма қанат бітірді. Қазақстанға алғаш рет келуім. Маған бұл жердің халқы қатты ұнады. Шетінен мейірімді, өз ісін жақсы білетін адамдар екен, - деді Яан Роозе.

Түсірілім жұмыстары бес күнге созылды. Мұндағы мақсат – Бозжыраның туристік мүмкіндігін жаңа қырынан паш ететін ерекше бейнеролик түсіру болып отыр.

Бүгінде Маңғыстау облысы Қазақстан туризміндегі басым тұрған бағыттардың бірі екені белгілі. Биылғы келген шетелдік саяхатшылардың саны бойынша, бұл өңір алғашқы озық бестіктің қатарына кірді. Маңғыстаудың әлемдік фильм-туризмінің орталығына айналу мүмкіндігі бар. Біз өз өлкеміздің айрықша сұлулығын ашып көрсете алатын бастамаларды қолдауға дайынбыз. Тек келетін адамдар табиғатымызға асқан ұқыптылықпен, жанашырлықпен қарауы керек, - дейді «Kazakh Tourism» ҰК АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев. 

Яан слэклайнмен 12 жылдан бері айналысады. Бүгінде ол жүйкесі мықты атлет ретінде ерекшеленеді. Өйткені бос тартылған аспалы жолмен жүрген кезде, спортшы тепе-теңдікті денесі мен қолын қимылдату арқылы ғана сақтайды. Ал желдің екпіні аспа жолды аяқтың астынан оңай жұлып әкете алады. Соның кесірінен адам тепе-теңдігін сақтай алмай қалуы мүмкін.

Яан Роозе әлемнің үш дүркін чемпионы. Сонымен бірге, көптеген рекордтарды орнатып, ең айрықша локацияларды бағындырған адам ретінде ерекшеленеді.

Өзгелердің жаңалығы