Ескі Қазақстанның мұрасы темір жол мәселесін қашан шешесіздер - депутат

11 Қазан 2023, 11:20
877
Бөлісу:
Ескі Қазақстанның мұрасы темір жол мәселесін қашан шешесіздер - депутат
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Үкімет сағатында Парламент мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай көлік министрі Марат Қарабаевқа сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, темір жол билеттерінің бағасы көрсетілетін қызметіне сай емес.

Айта-айта жақ талды. Сапа болса нөл. Совет заманынан қалған ескі вагондар сүйретіліп әлі жүр. Темір жол вагонының 60% тоз-тозы шыққан. Министрлік 2030-ға дейін жабдықтаймыз дейді. Бірақ біздің ҚЖ-ға бәрібір. Өйткені шекелері шалқып жүрген менеджерлерге мен айтайын Қазақстан темір жолының құны көк тиын. 26 жылда жарытпаған саланы 7 жылда жарылқайды дегенге жан баласы сенбейді. Өйткені айтатындары ертегі, аңыз, - деді депутат Мақсат Толықбай.

Депутат пойыздардың кешігуін айтып, үйреншікті жағдай болып қалғанын жеткізді.

2030-ға дейін қала вагондарының 80% тозып, екі қолымызды мұрнымызға тығып отырмасымызға кепілдік бере аласыз ба министр мырза? Терезесі ашылмайтын, кондицонерлері істемейтін, қабырғасында тарақандар жүретін ескі вагондардың өзіне жаз мезгілінде билет таппайсың. Бағаның өзі қымбат. Сөйте тұра билетті субсидиялауда жыл сайын сытырлатып миллиард санап береміз. Пойыздардың жиі кешігетінін айтпай-ақ қояйын. 1-2 сағат кешігу үйреншікті жайт болып қалған. Сөйте тұра туризмді түлетеміз дейміз. Бізге туристік маршруттарға арналған стратегиялық жоспар керек. Ескі Қазақстанның мұрасы болып қалған темір жол мәселесін қашан шешесіздер? 26 жыл күттік. Әлі қанша күтеміз? Заманауи вагондарға кезексіз тиімді бағада мінетін күнтуар ма бұл қазаққа, - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы