Ескі көлік пен ипотека: Отбасының цифрлық картасы тұрмыс деңгейін қалай бағалайды?

16 Қараша 2026, 12:11
АВТОР
 gov.kz 16 Қараша 2026, 12:11
16 Қараша 2026, 12:11
126
Фото: gov.kz

Отбасының табысы, баспанасы, көлігі мен кредиттік міндеттемелері әлеуметтік әл-ауқатын бағалауға әсер етеді. Алайда мемлекеттік жәрдемақылар, 20 жылдан асқан көлік және «Отбасы банкіндегі» тұрғын үй жинақтары бұл есепке кірмейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасында қандай өлшемдер ескерілетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Отбасының цифрлық картасы – мемлекеттік органдардың 30 ақпараттық жүйесіндегі деректерді автоматты түрде біріктіретін талдамалық жүйе. Ол отбасының әлеуметтік жағдайын бағалап, қолдауға мұқтаж азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді.

Министрліктің мәліметінше, бағалау кезінде отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, қаржылық міндеттемелері және қосымша шығынды қажет ететін өмірлік жағдайлары да ескеріледі.

Қандай төлемдер табысқа жатпайды?

Бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер отбасының табысы ретінде қарастырылмайды. Алимент, тұрғын үй көмегі, бала тууына немесе асырап алуына байланысты берілетін біржолғы төлемдер, сондай-ақ қайырымдылық қаражаты да осы қатарға кіреді.

Ағымдағы шотта, банк картасында немесе депозитте шағын көлемде қаражаттың болуы әл-ауқатты бағалау нәтижесіне әсер етпейді. Бұдан бөлек, «Отбасы банкіндегі» тұрғын үй құрылыс жинақтары да есепке алынбайды.

Ескі үй мен көлік қалай есептеледі?

Отбасының жеке баспанасы болмаса немесе шағын пәтерде тұрса, жүйе әл-ауқатты бағалау үшін есептелетін балды төмендетеді.

Апатты деп танылған және бұзуға жататын үйлер есепке мүлде алынбайды. Ал ескі немесе тозығы жеткен тұрғын үйдің ауданы балл есептеу кезінде азайтылып ескеріледі.

Пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан жеңіл автокөліктердің, тракторлардың, жүк көліктері мен комбайндардың құны бағалау кезінде нөлге теңестіріледі. Демек, мұндай техниканың болуы отбасының әл-ауқат көрсеткішін жоғарылатпайды.

Сондай-ақ жеке меншіктегі шағын жер учаскелері, бақша алқаптары мен қысқа мерзімді пайдалануға берілген жерлер қосымша балл бермейді. Аз ғана мал мен құс ұсталатын шағын үй шаруашылығы да бағалау нәтижесіне әсер етпейді.

Ипотека мен кредиттік берешек ескеріледі

Қолданыстағы ипотекалық кредит отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде жалпы балды төмендетеді. Министрлік мұны ипотеканың отбасылық бюджетке тұрақты қаржылық салмақ түсіретінімен түсіндіреді.

Кредит бойынша ұзақ уақыт бойы өтелмеген мерзімі өткен берешек те есепке алынады. Ал шағын қарыздар, төлемді қысқа мерзімге кешіктіру және жеке автокөлікті кепілге қойып, ломбардтан алынған қарыздар бағалау нәтижесіне әсер етпейді.

Азаматтың компанияда жалдамалы басшы болып жұмыс істеуі де, егер ол компанияның ірі үлесіне иелік етпесе, жеке өлшем ретінде ескерілмейді. Қоғамдық қорды басқару да отбасының әл-ауқатын жоғарылататын көрсеткішке жатпайды.

Отбасының денсаулық жағдайы да назарға алынады

Қорытынды мәртебені айқындағанда отбасы мүшелерінің саны, балалар мен қарт адамдардың болуы және олардың жасы ескеріледі.

Егер отбасы мүшелерінің арасында мүгедектігі бар немесе ауыр созылмалы ауруға байланысты диспансерлік есепте тұрған адам болса, жүйе төмендету коэффициенттерін қолданады. Себебі мұндай жағдайлар отбасыдан қосымша шығынды талап етеді.

Қандай көрсеткіштер әл-ауқат деңгейін жоғарылатады?

Министрліктің түсіндіруінше, табыс бойынша бағалау шкаласы отбасының әр мүшесіне шаққанда үш күнкөріс минимумы деңгейінен басталады. Табыс осы межеден неғұрлым жоғары болса, әл-ауқат деңгейі де соғұрлым жоғары бағаланады.

Қымбат автокөліктердің, сондай-ақ пайдалану мерзімі бес жылдан аспайтын коммерциялық көліктердің — жүк көліктері мен автобустардың болуы да ескеріледі.

Бірнеше пәтерге немесе тұрғын үйге, дүкендерге, сауда үйлері мен дәріханаларға иелік ету жоғары әл-ауқат көрсеткіштерінің бірі саналады.

Ауыл мен қаладағы мүлік бірдей бағаланбайды

Жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерін есептеу кезінде арнайы «ауылдық коэффициент» қолданылады.

Ауылдар мен кенттердегі тұрғын үйлер мен дүкендердің ауданы төмендетілген көрсеткішпен есептеледі. Яғни ауданы бірдей болғанымен, ауылдағы үйдің бағалауға қосатын үлесі ірі қаладағы баспанаға қарағанда төмен болады.

Ал ірі қалалардағы жер учаскелерінің нарықтық құны жоғары болғандықтан, оларға жоғары коэффициент қолданылады.

Отбасының цифрлық картасындағы көрсеткіштер ай сайын автоматты түрде жаңартылады. Министрліктің мәліметінше, бұл әлеуметтік жағдайдағы өзгерістерді дер кезінде анықтап, мемлекеттік көмекті отбасының нақты қажеттілігіне қарай бағыттауға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, бұған дейін отбасының әл-ауқатына қатысты цифрлық отбасы картасындағы C, D және E санаттары нені білдіретіні туралы хабарланды. 

Тағы оқи отырыңыз: Отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейді? 

Наверх