Есірткілердің жаңа түрлері көбейіп барады – ІІМ өкілімен сұхбат

25 Қараша 2024, 15:23
1833
Бөлісу:
Есірткілердің жаңа түрлері көбейіп барады – ІІМ өкілімен сұхбат
Фото: Артём Чурсинов - архив

Елімізде таралған қауіпті есірткі түрлері қандай? Есірткі тасымалдаушылар қандай желілерді жиі пайдаланады? Есірткіге қарсы күресу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? Осы тақырып аясында BAQ.KZ тілшісі ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжановпен сұхбаттасты.

BAQ.KZ: Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің негізгі міндеттері мен мақсаты қандай?

Қуандық Әлжанов: Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының қатарына жатқызылған. Қазақстан осы саладағы БҰҰ-ның барлық үш Конвенциясын (ескерту - 1961, 1971, 1988 жылдар) ратификациялады, олардың негізінде қолданыстағы салалық заңнама (ескерту - «Есірткі, психотроптық заттар, олардың аналогтары мен прекурсорлары және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» 1998 жылғы 10 шілдедегі ҚР Заңы) қалыптасты.

BAQ.KZ: Заңнама аясында қандай бағдарламалар жүзеге асырылуда?

Әлжанов: Қазіргі таңда елімізде "Қазақстан-2050" ұзақ мерзімді даму стратегиясына, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясына, 2020-2025 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік денсаулық сақтау бағдарламасына негізделген дәйекті мемлекеттік есірткіге қарсы саясат жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспар, сондай-ақ өзге де бағдарламалық құжаттар, оның ішінде халықаралық ынтымақтастық форматында. Соңғы уақытта Қазақстан басқа елдер сияқты жаңа психоактивті заттардың таралу қаупіне тап болды. Бұл заттардың нарығы өте динамикалық және олардың жаңа түрлері тез көбейіп отыр.

BAQ.KZ: Елімізде таралған қауіпті есірткі түрлері қандай?

Қуандық Әлжанов: Қазіргі уақытта тұтынылатын есірткінің келесі негізгі түрлерін ажыратуға болады:

- опиаттар, оның ішінде Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттерінің аумақтары арқылы өтетін және іргелес мемлекеттердің ұйымдасқан қылмысы белсенді пайдаланатын «Солтүстік бағыт» деп аталатын аумақ арқылы Ауғанстаннан транзитпен өтетін опиаттар;
- өндірісі ел аумағында кеңінен таралған синтетикалық препараттар;
- өсетін және өсірілетін қарасора;
- құрамында «дәріханалық» нашақорлық деп аталатын психоактивті заттар бар дәрілік препараттар.

BAQ.KZ: Есірткі тасымалдаушылар желілерді жиі пайдаланады. Қай желілерде жиі таралады?

Қуандық Әлжанов: Есірткі саудасы бойынша интернет-дүкендердің жарнамалары Telegram-да жиі кездеседі. Оны анықтап, бұғаттау мақсатында бұл платформамен де өзара іс-қимыл жолға қойылған. 

ІІМ мен OLX арасындағы келісім негізінде арнайы жұмыс топтары заңсыз контентті анықтаумен айналысады. Интернет-кеңістікке арнайы мониторинг жүзеге асырылады. WhatsApp мессенджерінде тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін аумақтық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністері қызметкерлерін қосумен жалпы чат құрылды.

BAQ.KZ: Интернет желілелеріндегі есірткінің жолын кесу үшін қандай жұмыстар атқарылды?

Қуандық Әлжанов: 2023 жылы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңның 4-5-бабына сәйкес ЕҚҚІБ ұсынысы бойынша OLX сайтында құқыққа қайшы контентті болдырмау үшін бірқатар елеулі техникалық шешімдер қабылданды, атап айтқанда:

- Telegram анонимді мессенджеріне ауыстыратын «OLX-тен тыс жауап беру» функциясы алынып тасталды;
- азаматтар хабарландырулар берген кезде оларды СМС-хабарлама арқылы верификациялау қамтамасыз етілді (тек қазақстандық операторлардың абоненттері);
- бұрын құқыққа қайшы контент (қара тізім) орналастырған абоненттік нөмірлер арқылы хабарландыруларды қайта тіркеуге жол бермеу мақсатында шектеулердің бірыңғай тізілімі құрылды;
- шет елдердің IP мекенжайларын пайдалана отырып, хабарландырулар беру мүмкіндігі алынып тасталды.

BAQ.KZ: Кәмелетке толмағандар арасында есірткі қолдану мәселесі туралы не айта аласыз? Бұған кім кінәлі?

Әлжанов: Нашақорлық профилактикасы жөніндегі жұмыс шеңберінде жыл сайын еліміз бойынша 500 мыңнан астам адамды қамти отырып, 9 мыңнан астам профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Оқу орындарында нашақорлық профилактикасын ұйымдастырудың халықаралық стандарттары зерделеніп, енгізілуде. Сонымен қатар, 9-11 сынып оқушыларының ата-аналарымен есірткіні қолданудың зиянды салдары туралы, сондай-ақ оларды есірткі орталығына тартпау үшін балалармен сенімді қарым-қатынас орнату әдістері туралы ақпараттандыру бойынша жоспарлы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Колледждер мен жоғары оқу орындары үшін есірткіге қарсы заңнама нормаларын түсіндіре отырып, бейне-дәрістер дайындалды.

BAQ.KZ: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы