Есірткі жарнамасы жалға алған скутерлерде кездеседі - жоба жетекшісі

20 Қараша 2023, 10:17
598
Бөлісу:
Есірткі жарнамасы жалға алған скутерлерде кездеседі - жоба жетекшісі
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Алматылық еріктілер полиция департаментімен бірлесе отырып, қабырғалардағы 100 мыңнан астам есірткі жарнамасын бояған. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі «Наркостоп» жобасының жетекшісі Нұржан Жакуповпен сұхбаттасқан еді.

- Сыртқы жарнамалар жайлы айта кетсеңіз. Көбіне қайда, қандай жерлерге жазылады?

- Интернеттегі тікелей сілтемелер құрылыс қабырғаларында, тротуарларда, тіпті жалға алынған скутерлерде кездеседі. Жақында жазулар QR кодтарына ауыса бастады. Ғимараттардың қабырғаларында мұндай сілтемелер өте көп. Тіпті көпқабатты үйлердің пошта жәшіктеріне дәріхана сілтемесі бар QR код қойған жағдайлар да болды.

- Жарнаманы өшіру үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр? Осы уақытқа дейін қаншасы өшірілді?

- Биыл «Наркостоп» жобасы аясында есірткі жарнамаларын бояуға 2014 волонтер қатысты. Олар Алматы қаласында 202 іс-шарасы барысында 100 мыңнан астам есірткі граффитилерін жойды. Жалпы, жоба басталғалы бері 300 мыңнан астам жарнама жойылды, жаңалары пайда болса волонтерлер оларды қайтадан өшіреді.

- Волонтерлердің өздері сол жарнаманы көріп, елігіп кетеді деген қорқыныш болмай ма? Оларды оқыту жұмыстары жүргізіле ме?

- Біздің барлық іс-шараларымыз Алматы қалалық полициясымен бірлесіп, полиция қызметкерлерінің қатысуымен өткізіледі. Жыл басында қаланы алаңдарға бөліп, барлық іс-шаралардың өтетін жоспарын жасаймыз. Бұл - Қазақстандағы есірткіге қарсы күреске жастардың өз үлесін қосу мүмкіндігі. Кейде бір акцияға 100-ге дейін адам жиналады. Осындай іс-шаралардың барлығы полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен өтеді. Біз жастарды есірткі жарнамасын өшіруге тартып, оның зиянды тұстары жайлы түсіндірме жұмыстарын өткіземіз. Сол себептен еріктілер есірткіге тәуелді болады деп айтпас едім. 

Есірткі жарнамасы жалға алған скутерлерде кездеседі - жоба жетекшісі



- Егер үйдің маңайында сыртқы жарнама болса не істеу керек? Тұрғындарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз.

- Үйіңіздің жанында жарнаманы көрсеңіз, учаскелік полиция қызметкеріне хабарласуыңызға болады. Ал Алматы қаласында болсаңыз, Instagram @narkostopkz парақшасына да жазуыңызға болады, мекенжайыңызды картамызға енгіземіз. Бірақ, өкінішке орай, қала үлкен және біз мұны өзіміз қалағандай тез жасай алмауымыз мүмкін. Негізгі кеңес, әрине, оны өзіңіз тұратын аулада өзіңіз бояңыз. Бірлескен күш-жігер арқылы ғана біз нашақорлық сияқты үлкен мәселеге қарсы тұра аламыз.

- Есірткіні жарнамалауға жастар неліктен үйір? Ақшаның аздығы қылымысқа итермелей ме?

- Бұл, әрине, қазіргі жастар үшін үлкен мәселе. Қазіргі уақытта жасөспірімдер мен жастар тез ақша табудың жолын іздейді. Жас жігіттерге жылдам ақша табудан бас тарту қиын, бірақ кейбіреулер бұл үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін білмейді. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне «Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау» деген жаңа 299-бап енгізілген болатын. Бұл әрекет алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға әкеп соғады.

- Қабырға сыртындағы жарнамалар, қаланың сәнін кетіріп жатыр деп ойламайсыз ба?

- Әрине, қабырға сыртының сәні кетеді. Дегенмен сол маңайдың тұрғындары жарнаманы жазып жатқанын көрсе, полицияға хабарласу керек. Есірткіге тәуелділер есірткіні қайдан сатып алуға болатынын табады. Сол себептен бұл жарнама оларға қажет емес. Бірақ мұны алып тастау өте маңызды, өйткені есірткіні ешқашан пайдаланбаған және олармен ешқашан байланыспаған адам оларды қайдан сатып алу керектігін білмейді. Сондықтан осы жарнамалар арқылы есірткі сатушылармен байланыс орнатады. Жарнаманы өшіру есірткіні көргісі келетіндерге тежеу болады. Жігіттер жарнаманы алғаш көргенде, олар жай ғана қызығушылық танытып, қалай болар екен деп кіреді, сол қызығушылықпен бірінші рет сатып алады. Сондай-ақ оңалту курсын аяқтаған және есірткіні пайдаланбайтын адам үшін мұндай жазулар есірткіні үнемі еске түсіреді. Мұны букмекерлік компаниялардың жарнамасымен салыстыруға болады. 

- Есірткі жарнамасы өшірілгенен кейін, сол сілтемелер бұғатталады ма? Бұдан кейін қандай жұмыстар жүргізіледі?

- «Наркостоп» жобасында киберволонтерліктің жеке саласы бар, онда ерікті волонтерлер ақпаратты құқық қорғау органдарына жеткізеді. Бұл тізімдерге Алматы қалаларында өтетін кескіндеме іс-шараларының сілтемелері де кіреді. Киберволонтер интернеттегі жарнамалар туралы жүздеген шағымдарды жібере алатын телеграм боттарын жасайды, мұндай шағымдардан кейін сайттар мұндай жарнамаларды тексереді және олар өңделеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы