Ешқандай химиялық зат ағып кетпеді. Өртенген зауыттың директоры түсініктеме жасады

17 Маусым 2021, 10:05
2504
Бөлісу:
Ешқандай химиялық зат ағып кетпеді. Өртенген зауыттың директоры түсініктеме жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС директоры Нақберген Төлепов 16 маусым, сәрсенбі күні кәсіпорында болған өртке қатысты түсініктеме берді.

Бұл туралы телеграмдағы «Еділов онлайн» каналында хабарланды.
Кеше жергілікті уақыт бойынша 22.15-те компрессорлық цехта ауа салқындату құрылғысы өртенді. Біз өртті дереу оқшаулау және сөндіру бойынша шаралар қабылдадық. Газ беруді шектеп, зауыт жұмысы апаттық жағдайда тоқтатылды. Өртті сөндіруге ТЖД жеке өрт сөндіру жасақтары мен күштері жұмылдырылды. Сағат 22.52-де өрт толықтай сөндірілді. Қуанышымызға орай, құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ, - деді ол. 
Оның сөзінше, сағат 23.30-да мамандар кәсіпорынды шектеулі режимде іске қосуға кірісті.

Қазір зауыт жүктемесі шамамен 30%-ды құрайды. Зауытты бұрынғы режимдегі жұмысына көшіру бойынша қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар ол өрт салдарынан ауаны салқындату аппаратының тірек құрылымы ғана зақымдалғанын атап өтті. Бұл ретте негізгі құрылғы зардап шеккен жоқ. Сондай-ақ мекеме директоры оқыс оқиға кезінде химиялық заттардың ағып кетуі туралы әлеуметтік желілерде тараған қауесеттерді жоққа шығарды. Ол алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.

Бұл құрылғы шикі газ өнімін ауа-су әдісімен, яғни қарапайым сумен және ауамен салқындату үшін қолданылады. Бұл жабдықта ешқандай химиялық заттар қолданылмайды. Сондықтан персоналдың да, халықтың да өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбейтінін сеніммен айта аламын, - деді ол.

Оның айтуынша, зауыт жұмысы жақын арада толық қалпына келтіріледі және сұйылтылған мұнай газымен қамтамасыз ету бойынша ешқандай іркілістер болмайды.

Өзгелердің жаңалығы