Ешбір ел барлық сын-қатерді жалғыз өзі еңсере алмайды - Бегз Даваадорж

14 Шілде 2023, 11:16
812
Бөлісу:
Ешбір ел барлық сын-қатерді жалғыз өзі еңсере алмайды - Бегз Даваадорж
Фото: автордан

Мұндай пікірді елордада өтіп жатқан «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» форумында Моңғолияның Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Бегз Даваадорж мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшы форумда көтерілетін өңірдегі қауіпсіздік мәселелері бүгінгі күні өте өзекті болып тұрғанын айтты.

Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Әсіресе осындай күрделі уақыт кезінде оның маңыздылығы жоғары. Біз өзгермелі әлемде өмір сүріп жатырмыз. Дәстүрлі және дәстүрлі емес сын-қатерлерді бастан өткеріп жатырмыз. Әсіресе қауіпсіздік мәселесінде ешбір ел барлық сын-қатерді жалғыз өзі еңсере алмайды. Қазіргі кезде барлық мемлекет халқы әралуандылығына қарамастан оларлы еңсеруі керек. Белгілі бір текетірестер, қақтығыстар пайда болмас үшін бір-бірін түсініп, бірлескендері маңызды, - деді Бегз Даваадорж форумда.

Оның айтуынша, Моңғолия ірі алпауыт мемлекеттер арасындағы бәсекені көріп отыр. Бегз Даваадорж мұндай геосаяси жағдай Моңғолия үшін үлкен сын-қатерге айналыр отырғанын айтты

Сондықтан біз теңгерімді қалыптастырғымыз келеді. Яғни ірі державалар арасында теңгерімнің болғаны маңызды. Бұл - біздің сыртқы саясатымыздағы басымдықтың бірі. Орнықты дамуды жалғастырып, ұлттық қауіпсіздікті сақтау - маңызды басымдығымыз. Адамзаттың қазіргі проблемалары күрделі және олар тек ынтымақтастық арқылы ғана шешілетіні түсінікті. Адам санасы оларды шешуге мүмкіндік береді. Бейбітшіліктің бір ғана кілті жоқ. Шын мәнінде бейбітшілік - ол көптеген елдің күш-жігері, ортақ мәмілелері және ортақ іс-қимылдары арқылы келеді. Бүгінгі күні геосаяси жағынан бәсекелестікке жол бермеу керек. Сондай-ақ саяси қысымдарды көрсетпеген жөн. Айтқым келетіні, халықаралық проблемалар өзіндік диалог және бейбітшілік арқылы шешіледі, - деді Моңғолия өкілі.

Сарапшы атап өткендей, Моңғолия бейбітсүйгіш ел және ашық ұлт.

Қазіргі кезеңде интеграциялық процестерді жақсарта отырып, әртүрлі жанжалдар мен дау-дамайларды бейбіт шешу қажет. Интеграциялау процесінде бұл тенденциялар мәдениетке, тарихқа, құндылықтарға және менталитетке, әртүрлі халықтардың өзара сыйластығына негізделеді, - деп айтты Моңғолияның Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры форумда.

Оның сөзіне қарағанда, Моңғолия сауда-экономикалық қарым-қатынастарды Орталық Азия мемлекеттерімен дамытуға мүдделі.

13 шілде күні елордада «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» Орталық Азиядағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы басталған болатын. Бүгін форумның қорытынды күні.

Өзгелердің жаңалығы